29 жел, 2021 сағат 15:20

Марат Бекетаев «Ел тірегі» бастамашыл тобының неге тіркеле алмай жүргенін түсіндірді


ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев «Ел тірегі» бастамашыл тобының неге тіркеуден өте алмай жүргенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Неліктен? Себебі оның негізгі ұйымдастырушысы – Нұржан Әлтаев. Ол бірнеше рет түрлі алаңдарда, түрлі форумдарда өздерін тіркеуден негізсіз бас тартылғанын мәлімдеді. Мұнда екі мәселені атап өту керек. Құжаттарын қайта-қайта ұсынғанымен, іс жүзінде өзгертілмеген. Қайта-қайта бір жиынтықты әкеле береді. Біз анықтап көрсеткен кемшіліктерді түзетпестен 16 рет ұсынды. «Неге олай істеп жүр?» деген сұрақ туындайды. Мүмкін, тіркеуден өте алмай жүрген саяси құрбанның бейнесін жасау әрекеті байқалатын шығар. Құжаттарын өзгертпестен әкеле бергендіктен, біз оны тіркеуден бас тартатынымызды мәлімдеуге мәжбүрміз», - деді Марат Бекетаев. 

Министр Нұржан Әлтаевті жеке қабылдағанын да айтты.

«Жеке қабылдауға келгенде тағы сол шағымын айтты. Мен оған құжаттарын ретке келтіру керек екенін айтып, адамша кеңес бердім. Оның іс-әрекетіне баға берейін деп отырған жоқпын, кейбір фактілерді айтайын. Нұржан Әлтаев бірнеше рет алимент бойынша борышкер болған. Бірнеше рет ол борышын сот орындаушы хабарлағанда ғана төледі. Соңғы рет жазда осындай оқиға болды – шамамен 2 млн теңге төледі. Алимент кешіктіріліп өтелгендіктен, әкімшілік айыппұл да төледі. Осымен тоқтайын», - деді министр.