Ақтау қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Маңғыстау аймағында әрекет еткен қылмыстың топтың 8 мүшесін қамауға алуды санкциялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақтау қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық топ мүшелері А. Айтқалиев, Е. Арықбай, Ж. Жаңбырбаев, Р. Жексенбаев, Е. Зорбай, Ж. Базарбаев, Д. Бимырза және С. Кенғановқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады», - делінген Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан мәліметте.
Еске салсақ, 29 шілде күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Маңғыстау облысында әрекет еткен қылмыстық топ мүшелерінің заңға қайшы іс-әрекетінің жолын кесу бойынша ауқымды арнайы операция жүргізген болатын.
Нәтижесінде Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында бір мезгілде әртүрлі төрт қылмыстық топтан 17 адам ұсталды.
Олардан 3 тапанша, дыбысты бәсеңдететін 1 құрал, 8 шолақ аңшы қаруы, 1 «Сайга» карабині, ұсақ калибрлі 1 винтовка, 5 травматикалық тапанша, 218 дана оқ-дәрі, түрлі суық қарулар (пышақтар, кастеттер және т.б.) табылып, айғақ зат ретінде тәркіленді.