Фото:Depositphotos
Маңғыстау облысында туған қызын зорлады деген ер адам ақталды. Апелляциялық сот та бірінші истанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам 2016 жылдан бастап 10 жастағы қызына азғындық жасап, бірнеше рет зорлаған. Заңсыз әрекеттер 2021 жылға дейін жалғасқан. Қылмыстық кодекстің екі бабы – 124-2 ("Жас балаларды азғындық жолға түсіру, ата-анасы жасаған әрекет") және 120-4 ("Зорлау, бірнеше рет жасалған әрекет") бойынша іс қозғалған.
Сотта прокурор мен баланың заңды өкілі айып тағылған ер адамды 25 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Оған қоса, одан 30 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп беруді талап етті. Ал сотталушы өзін ақтауды өтінді. Себебі кінәсі дәлелденген жоқ. Судья ер адамды ақтады.
Сотта кішкентай қыздың заңды өкілі, кәмелет жасқа толмаған куәгер мен баланың өзі айтқан сөздер дәлелденген жоқ. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесі де ештеңе көрсетпеген.
Ресми мәліметке сәйкес, апелляциялық сот та бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды. Ақталған ер адам қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылғаны үшін моральдық шығын өндіре алады.