16 ақп, 2023 сағат 14:58

Маңғыстау облысында былтыр із-түзсіз жоғалған 3 баланың анасы табылды

Фото: inaktau.kz

Маңғыстау облысында 5 ай бұрын жоғалған үш баланың анасы аман-есен табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан порталы.

Жәния Абдуллаеваны полиция майоры Нұржан Жақыпов тауып алған.

"14 қаңтарда сағат 12:00 шамасында шағын аудандағы 4-ші үйде орналасқан "Виктория" қонақүйіне әріптесім Жандос Әуелбеков екеуміз шетелдік азаматтарды тексеруге бардық. Тексеру барысында сол жердің әкімшілігімен сөйлесіп, Жәния Абдуллаеваның суретін көрсеттік. Әкімші "4-5 күн болды осы әйелге ұқсас бір кісі аспаздың көмекшісі болып бізге орналасты" деді", - дейді полицей.

Полицей жақындап, сөзге тартқанда әйел еңіреп жылап жіберген.

"Амандаса салғанымыз сол еді, ол отыра қалып жылап жіберді. Айтуынша, күйеуімен ренжісіп кетіп қалған. "Баратын жерім жоқ, әке-шешеме барсам, олар менің өзіме қарсы шығады", деді Жәния", - дейді полиция майоры.

Жәния Абдуллаева үш баласын енесіне қалдырып кетіп қалған.

Нұржан Жақыповтың айтуынша, 13 жыл тәжірибесінде мұндай отбасылық кикілжіңді өте көп көрген. Бірақ бұрынғыға қарағанда отбасын тастап, жоғалып кететіндер саны азайған.

Еске сала кетсек, Бейнеу ауылының тұрғыны 27 жастағы Жәния Абдуллаева 29 қыркүйекте жоғалып кеткен болатын. Туыстары ол Ақтауға кетуі мүмкін деп болжады. Полицейлер әйел жоғалған күні Бейнеу-Маңғыстау пойызына билет сатып алғанын анықтады. Келіншек ауруханада жұмыс істеген.

Оған облыс, тіпті республика көлемінде іздеу жарияланған еді.