02 мау, 2021 сағат 19:04

Маңғыстау облысында 90 жастағы қария коронавирустан жазылып шықты


Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында 90 жастағы Атабай Азмағамбетов коронавирустан жазылып шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін Атабай Азмағамбетов Түпқараған аудандық орталық ауруханасының коронавирус инфекциясына арналған бөлімінен емделіп шықты. Атабай ақсақал аталған бөлімге коронавирус инфекциясы, өкпенің екі жақты қабынуы диагнозымен 24 мамыр күні түскен еді. 

Түпқараған аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлшат Шалабаева ақсақалдың қазіргі жағдайы туралы айтты. 

«Атабай ақсақал 20 мамырдан бастап ауыра бастаған. Өзінің айтуынша, денесінде әлсіздік белгілер пайда болған. Жанұясы бізге хабарласқаннан кейін, дәрігерлер шұғыл түрде үйіне барып, денсаулығын тексерді. Ақсақалдың өкпесін тыңдау нәтижесінде және компьютерлік томография қорытындысына сәйкес науқастың өкпесінің 35 пайызы зақымдалғаны анықталды. Ақсақал ауруханаға 24 мамырда қабылданды. Бүгін дерттен айығып, отбасымен аман-есен қауышып отыр», - деді ол.

Дәрігер тұрғындарға коронавирус инфекциясының негізгі белгілерінің әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, жөтелдің пайда болуы, іштің өтуі мен терлеу екендігін айтты. Мұндай белгілер пайда болған жағдайда дереу дәрігерлер көмегіне жүгіну керек. 

«Соңғы тәжірибелер көрсетіп отырғандай, жөтел белгісі жоқ, алайда денесінде әлсіздік қана байқалған азаматтардың екі өкпесінің бірдей қабынғаны анықталып отыр. Сондықтан да, тұрғындарды денсаулықтарына бей-жай қарамауға, санитарлық талаптарды сақтауға, мейлінше вакцина қабылдауға шақырамын», - деді Гүлшат Шалабаева.