08 қаң, 2018 сағат 09:00

"Манас" тағылымы немесе атамбаевшылдықтың ақыры

Біз үшін егемендік пен тәуелсіздікті ұлықтау және оның қадіріне жету – аса маңызды міндет. Елбасы таяуда ғана жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты іргелі еңбегінде: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында саяси басымдықтарымызды анықтаған кезде мен тұрақтылықты, азаматтық қоғам мен жалпыұлттық келісімді нығайту міндеттерін айрықша атап көрсеткен болатынмын», - деп жазды. 

Расында азаттықтың ширек ғасыры еліміздің қай мәселеде болсын жауапкершілігімен және ізгі қадамымен айқындалды. Біз, әсіресе өңірлік қауіпсіздіктің, береке-бірліктің маңызына ерекше көңіл бөлдік. «Тәуелсіздік дәуірінде» Елбасы Қазақстанның маңызды халықаралық орталыққа айналуы қажырлы еңбекпен, мәнді де мағыналы дипломатиямен, ел келешегіне деген адал ниетпен орнағанын жазады. Сөйтіп егемендік пен сыртқы саясаттағы салиқалы жолды байыптай келе: «ХХІ ғасыр Еуразияның қайта өркендеу мен жаңаша гүлдену кезеңі болатынына кәміл сенемін», - деп жазады. 

Осы ретте біз Қазақстанның экономикалық Еуразиялық ықпалдастық және Орталық Азиядағы татулық пен бірлік туралы бастамаларын әрқашан ұрпаққа жіті түсіндіре білуіміз керек. 

Бұл орайда рухани байланыстарға сызат түсіретін әрбір оқиғаны, фактіні сараптап, одан да дұрыс сабақ алуды ойластырғанымыз жөн. Тіршілікте, өкінішке қарай, мұндай жағдайлардың болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. 

Қырғыздың экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан мен Елбасымыз туралы, тарихымыздың кей сәттері жөнінде қазан айында айтқан жадағай сөзінен кейін халық арасында, әсіресе әлеуметтік желілерде «бұл не сөз? Бұл не көку?» деген ащы әңгіме ауаны байқалды. Несін жасырайық, сан ғасырлық ортақ тарихы бар өзара ынтымақтастық пен жарасымдылықтың арасына атамбаевшылдық түсірген сызатты санамыздан қанша жерден сылып тастауға тырысқанымызбен, екі елдің ақпараттық кеңістігін еркін шарлап кеткені қабырғамызға қатты батты. Еншісі бөлінбеген айыр қалпақты ағайын жұрты да одағай басшысының бұл оқыс әрекетіне дүдамал болып қалғанын БАҚ-тан оқып-біліп отырмыз. Қырғызстанның бұрынғы мемлекеттік хатшысы Осмонакун Ибраимов таяудағы бір сұхбатында Атамбаевтың Қазақстанға қатысты пікірінің мүлдем орынсыз екендігін айта келіп, екі елді өзара береке бірлікке шақырды. Соғды облысы төрағасының бұрынғы орынбасары, Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараның делимитациясы және демаркациясы жөніндегі үкіметаралық комиссиясының мүшесі Джумабай Сангинов та Алмазбек Атамбаев айтқан қазандағы қыңыр мәлімдеменің негізсіз екенін алға тартса, «Бүтін Қырғызстан» партиясының басшысы Адахан Мадумаров бауырлас екі елдің арасына ешкім сына қаға амайтынын, сондай-ақ Қазақстан Президенті өз аты мен затын адалдықпен айқындағанын айтқан болатын. 

Қырғыздың ораздылығын, оң тірлігін ойлайтын Отынбаев Роза ханымның қайраткерлік ұстанымы да, көрегенділігі де орайынан келді. Ол атамбаевшылдықты «қиындықта саяси серіктерін тастап кететін мінез» ретінде бағалаған-ды. 

Біз, әрине, тек жақсылықтан үміт етеміз. Ол жақсылық – қарапайым қырғыз халқының қазақ мемлекетіне және Елбасымызға деген шынайы көңіл-күйі, ағайындық берекені ойлаған ізгі ниеті. Бұл көңіл-ниеттің тамыры терең, болшағы кемел. 

Осы орайда біз қос халықтың рухани-әдеби ортақ құндылықтарына да аз-кем ат шалдыра кетсек дейміз. 

Ақбас Алатаудың баурайында бірге жасасып, біте қайнасқан қазақ пен қырғыз - әманда еншісі бөлінбеген халық. Берідегі Мұхтар мен Шыңғысты, әрідегі Кенен мен Оспанқұлды, Жамбыл мен Тоқтағұлды, Шоқан мен Боранбайды өзара байланыстырып тұрған да осы ортақ құндылықтарымыз еді (Бүгінде Қазақтың Астана мен Алматы қалаларында Манас пен Шыңғыстың, ал Бішкекте Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезов көшелерінің болуы да - осы сөзіміздің айғағы). 

Күллі көшпелі халықтың ортақ мұрасы іспетті «Қорқыт ата кітабы» мен «Оғызнама» һәм «Манас» секілді ұлы эпостарымызда жауынгер жұрттың шаңды жорығының жылнамасы ғана емес, халқымыздың өр рухы мен терең танымы жатыр. Міне, түркінің ортақ тарихы әлемде теңдесі жоқ осындай телегей-теңіз эпостың тууына себепкер болды. Соның ең бірегейі «Манас» жыры десек еш қателесе қоймаспыз. 

«Манас» – тек қырғыздың ғана емес, күллі түркі халықтарының рухани ортақ қазынасы. Сөзіміз дәйекті болу үшін бір үзім мысал келтіре кетелік. Мәселен «Манас» жырында: 

Арғы атамыз Алаш деп, 
Намысыма талас деп, 
Алты жүз арғын, найманды, 
Ер тартуға сайлады. 
...Түбінен бөтен туып па, 
Түрікті Құдай ұрып па?! 
Алаш хан екен атамыз, 
Арпалыспай қайтіп жатамыз, - деп Алаш ұранын ту етіп көтереді. Биыл құрылғанына бір ғасырдың бедері болған қазақ тарихындағы Алашорда автономиясының атауында да «Манас» жырымен бейне бір байланыстың бар екендігін бағамдауымызға болады. Алаш дегеннен шығады, бұрын қазақта «Алаш дегенде аттандамағанды атаң да болсын ұрып жық» деген түсінік бар болатын. Бұл жердегі Алаш сөзі – тұтас түркі халқын бір ұғымға ұйыстырып тұрған ғажайып идея іспетті. Қазір осы бір іргелі түсінікті сетінету мен  жентектеуге үлкен жанталастар жүріп жатыр. Оны жалпы жәмиғат аңғарып отыр. Олай болса Алаш ұғымы осы бір «бөліп ал да билей бер» саясатына қарсы тұрудың туысқан халықтар арасындағы ортақ құндылық десек те болатындай. 

Бір ғана жырдың бойынан түгел түркіге қатысты деректердің бәрін жолықтыруға болады. Мәселен, «Манастың» мына бір жерінен қазаққа қатысты бірер  мәліметтер келтіре кетелік: 

Жолдас болған нойғыт бар, 
Арқа сүйген найман бар, 
Қоныстас жүрген қоңырат, 
Үйірлес жүрген үйсін бар, 
Араласқан алшын бар, 
Арғыннан Қарақожа бар, – 

деген жолдар манадан бері біз сөз етіп отырған ойдың ортақ байламы ғой. Руханиятымыздың еншісі бөлінбегендігінен болар, «Манас» жырын алғаш қағазға түсіріп, дөңгелек дүниеге танытқан белгілі ғалым Шоқан Уәлиханов болса, іргелі зерттеу тақырыбына айналдырып қызғыштай қорғаған қазақ дара қаламгері Мұхтар Әуезов еді. Ал эпосқа екінші ғұмыр сыйлаған - қазақтың тағы бір ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан-тұғын. Жырдың бір жолында түркі тайпаларының көсемдері келелі кеңес құрып, өзара ақылдаса келе Манас баһадүрлерімен бірігіп жауға аттану туралы ұйғарымға келеді. Үш күнге созылған қанды шайқаста қарсы тарап ойсырай жеңіледі. 

Жыр: «Түркінің бәрі дүркіреп, Күн батыс жұрты күркіреп» түгел түркі бас қосқан Жыланды жері сол күннен бастап «Түркібасы» деп аталғанын айтады. Міне, «бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарған» береке бірліктің арқасы. Ендеше «Манас» жыры тек қазақ пен қырғыздың ғана емес түгел түркі жұрты татулығының ұйытқысы екен. Бағзыдан жеткен бабатанымның басты мақсаты да осы. Сайып келгенде біздің «Манасты» алға тартып бұл мақаланы жазудағы бар мақсатымыз қос халықтың рухани құндылықтарының қаншалықты терең, қаншалықты ортақ екендігін оқырманға аңдату еді. Дастанның ақырласар сәтіндегі «Түркі  ұлы тұтас біріксе,  келе алмас оған дәрменің» деген жыр  жолдарында   көп  мағынаның  жатқандығы  анық. 

Біз мақаламызда әріден - «Манас» құндылығынан тартқанымыз жай емес. Қазақ та, қырғыз да «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді. Кімде болсын «қайраткер» деп жүрген тұлға тату екі елдің арасын бұзатын жайраткер болып шықпауына мүдделі. Кешегі атамбаевшылдық қырғыз ағайынды қазақ алдында жүзін сынық етсе, біз әрқашан «байкелер, қам жемеңіздер, біз айырқалпақты жұрттың даналары да, ғұламалары да, қайраткерлері де кім екенін білеміз» деп жауап береміз. 

Егемендікті қорғау – көршінің тарихын қаралаудан немесе оны «жау көруден» тұрмайды, еншілесті дос көруден, достастықтың тамырын іздеуден тұрады. «Манас» тағылымы осыны айтады, Шыңғыс Айтматов жолы осыны көрсетеді. Кәрі тарлан, дарабоз тарих осыны аманаттайды. 

Татулықты ұлықтау – өткенді құрметтеу, тарихтың байыбына жету. Өткінші жаңбыр, қара суық жел емес, шуақ болу, айналаңа нұр төгу. 

ТАРИХ 

Бөкен жон, бөрте қыраттар астында 
Шөптермен жабылған, 
Ақсөңке сүйектер сөйлейді, 
Не түйдік аруақтар зарынан?! 
Менің тарихым – ап-ащы, күп-күрең, 
Себебі ол, анамның жасымен, 
Атамның қанымен жазылған. 
Қария қыраттар сөйлейді күңіреніп, 
Қобыздың тілімен, 
Бір әуен талықсып жетеді құлаққа 
Торғын жел үнімен. 
Қан бөккен даламның қайғысын сеземін, 
Жылқының жалы мен жусанның бүрінен. 
Қайран, қабылан бабалар 
Басының ішінде күн жанып, 
Шуағы жүзінен байқалған. 
Орхонның көк мәрмар тасына кертіліп, 
Ерлігі айтылған. 
Түз жүрек, тау мінез түркінің 
Астында қара жер теңселіп, 
Ауызында көк аспан шайқалған. 
Ойхой, Орхонның жазуы, 
Сен едің расы – 
Бабамның жәдігер мұрасы. 
Тамырымда күркіреп ағатын, 
Қайда сол көк тастың көгілдір дұғасы?! 
Көгілдір дұғамды 
Кеудеме кісінетіп, 
Боздадым зарлы үнмен, 
Боздадым қазақы тағдырмен. 
Сөйттім де, 
Жылқының иісіндей бұрқырып, 
Тұлпардың тостақтай көзінде 
Тұңғиық шер болып қалдым мен. 

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ, 

Л.Н.Гумилев атындағы 
Еуразия ұлттық университетінің 
аға оқытушысы, ақын