23 қаң, 2021 сағат 15:26

Манар Смағұл: Вакцинаның шығарылуы – қауіпті індеттің алдын алуға қол жеткізу

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына қарасты «Санитария-эпидемиология сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының инфекциялық және паразиттік аурулар басқармасының басшысы Манар Смағұл коронавирусқа қарсы вакцинаны егудің маңызы, оның қаншалықты қауіпсіз екендігі және вакцина егуге қатысты дүние жүзіндегі басқа мемлекеттердің тәжірибе қандай екені туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирусқа қарсы вакцинаның шығарылуы – бүкіл әлемді алаңдатқан індеттің маңызды және тиімді алдын алу шарасына қол жеткізгеніміз деп ойлаймын. Вакцина – медицина саласындағы айтулы жетістіктердің бірі. Олай екеніне өзіміз де куә болып отырмыз. Вакцинаның арқасында дүние жүзінде шешек дерті жойылды. Осыдан 20 жыл бұрын әлем бойынша көп мемлекетте полиомиелит ауруы өршісе, қазіргі уақытта вакцина арқылы оның таралуы азайды. Бүгінгі таңда осы ауру бойынша екі мемлекет қана эндомиялық аймаққа кіреді», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына қарасты «Санитария-эпидемиология сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының инфекциялық және паразиттік аурулар басқармасының басшысы Манар Смағұл. 

Сондай-ақ, ол вакцина егу арқылы қызылша, қызамық, дифтерия, гепатит ауруларының жұғу деңгейі төмендегенін айтты.

«Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақсаты – осы дерттерді түбегейлі жою. Әлем бойынша 42 мемлекет коронавирусқа қарсы вакцинаны да қабылдауға шешім қабылдап отыр. Оның ішінде 36 мемлекет – Италия, АҚШ, Израиль сияқты дамыған елдер. Ал ТМД мемлекеттері арасында әзірге Ресей мен Беларусь шешім қабылдады. Бұл шараға Қазақстан биыл ақпан айынан бастап қосылады. ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, осы уақытқа дейін дүние жүзі бойынша 95 612 000 адам ауырған, оның ішінде 2 миллионнан астамы өлім-жітім жағдайымен аяқталған. Вакцина егудің ең басты мақсаты – өлім-жітім жағдайына жеткізбеу, аурудың алдын алу», - дейді басқарма басшысы.

Ол дәрігер вакцина екпес бұрын оған қарсы көрсетілімдер бар-жоғын анықтап алатынын жеткізді.

«Ешкім көшеде кетіп бара жатқан адамды ұстап алып, вакцина егуге мәжбүрлемейді. Яғни, әр адамның вакцина ектіру-ектірмеу туралы таңдау мүмкіндігі бар. Дұрысы – одан бас тартпау. Вакцина ектірген адам коронавирус жұқтырған жағдайдың өзінде жеңіл түрде ауыратын болады», - деп атап өтті сарапшы.

ДДСҰ мәліметі бойынша, коронавирусқа қарсы вакцина ектірген ең алғашқы ел Израиль болып отыр. 

Манар Смағұлдың айтуынша, 20 қаңтардағы ақпаратқа сәйкес қазіргі уақытқа дейін бұл елде 2 миллион адамға вакцина егілген. Ал жалпы әлем бойынша 56 миллионнан астам доза қабылданған. Біздің мемлекет Ресейде шығарылған вакцинаны қолданатындықтан, өткен аптада сол жақтың мамандарымен кездесу өткізді. Ресейдің мамандары вакцина ектірген адамдар вакцинаны жеңіл қабылдағанын айтты, демек ешкім зардап шекпеген.

Сондай -ақ ол коронавирусқа қарсы вакцина жылдам жасалғанын айтты. 

«Аз уақытта осындай вакцина шығару үшін қаншалықты күш біріктіру керек екенін түсініп отырған шығарсыз. Бұл індет денсаулық сақтау саласына ғана емес, өмірдің барлық саласына қатысты кері әсерін тигізді, сол себепті қысқа мерзімде вакцина жасап шығарудың маңызы зор болды. Кей вакцинаны жасауға 10 жыл уақыт қажет болса, енді бір вакцинаға одан аздау уақыт кетеді. Ал коронавирусқа қарсы кандидат вакцинаның саны – 150. Соның ішінде үшеуі қолдануға ресми түрде рұқсат алды», - дейді ол.