03 мау, 2021 сағат 15:46

МӘМС: Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесі 214 млрд теңге алды


Алматы қаласының әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Тілеухан Әбілдаев онлайн брифинг барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйенің жетістігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, Қазақстанда екінші жыл медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істеуде. Оның басталуы пандемия кезеңімен тұспа-тұс келді, алайда коронавируспен үздіксіз күреске қарамастан, МӘМС медициналық сақтандыру жүйесінің толыққанды жұмыс істейтінін көрсетті. 

Медициналық сақтандырудың арқасында Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесі 2021 жылы 214 млрд теңгеден астам қаржы алды.

«2021 жылға нақтыланған бюджет 214,6 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы бюджеттен 3%-ға өсті, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде 127,1 млрд теңге, МӘМС пакетінде 87,5 млрд теңге», - дейді спикер.

Өткен жылмен салыстырғанда жоғары технологиялық операцияларды қаржыландыру артты. Егер 2020 жылы оларды жүргізуге 11,8 млрд теңге бөлінсе, биыл 12,9 млрд теңге бөлінді.

Тілеухан Әбілдаев міндетті медициналық сақтандырудың арқасында ЭКО сияқты қымбат қызметтер қолжетімді бола бастағанын атап өтті.

«Мысалы, егер 2020 жылы 563 млн теңге сомасында 643 ЭКО манипуляциясы жүргізілсе, биыл 1238 қызметке 1,1 млрд теңге бөлінді. Өсім 2 есе байқалады. Осы жылдың 4 айында сомасы 434 млн теңгеге ЭКО-ның 459 рәсімі өткізілді», - деді медициналық сақтандыру қорының өкілі.

Сондай-ақ, былтыр 184 кардиохирургиялық ота жасалды, биыл 631 млн теңгеге 270 қызмет көрсету жоспарланған.

Қор осы жылдың 4 айында Алматы қаласы бойынша МӘМС пакетінде медициналық көмекке ақы төлеуге шамамен 42,6 млрд теңге жұмсады.

Сонымен қатар, қор халыққа жоғары технологиялық қызмет көрсеткені үшін 6,3 млрд теңгеден астам қаражат төледі, тағы 2 млрд теңге күндізгі стационар қызметтерін төлеуге бағытталды.

МӘМС жүйесі аясында жоспарлы скринингтерге 400 млн теңге, оңалту көмегіне 3 млрд теңге бөлінді. Оңалту қызметтеріне 7,7 млрд теңге бөлінді. Бұл медициналық сақтандыру бастамаларының бірі – халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру. 

Жыл сайын оңалтуды ұсынушылар саны артып келеді. Мысалы, 2019 жылы қалада оңалту қызметтерін тек 4 емхана көрсеткен болса, қазір олардың саны 73-ке жетті.