26 нау, 2019 сағат 12:27

Мамин: Жастар үшін шағын несиелер мен гранттарға 32 млрд теңге бөлінді

ҚР Үкіметінің отырысы барысында Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын мақұлдау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Аскар Мамин бірқатар мәселелерге көңіл бөлу қажеттігін тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ұсынылған Жол картасында жастарды сапалы әрі қолжетімді біліммен, тұрғын үймен, жұмыспен қамтамсыз етуге, жас отбасыларды қолдауға бағытталған бірқатар нақты шаралар көзделген. Бұл - өте маңызды қадам», — деді Премьер-Министр, келесі тапсырмаларды жүктей отырып.

Біріншіден, әкімдіктер тиісті министрліктермен бірге жастарға жыл сайын кемінде бір мың жалдамалы пәтер беру құралын айқындау жөніндегі жұмысты жеделдетуі керек.

Екіншіден, жастарды жұмыспен қамту мәселесін бақылауда ұстау аса маңызды. Жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту қажет. Бұл үшін Жол картасында жұмыс істемейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарға «Жас кәсіпкер» жобасының шеңберінде шағын несиелер мен гранттар беру жөнінде бірқатар шаралар көзделген, аталған жобаға 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.  

Үшіншіден, Жол картасында «Жас маман» жобасы шеңберінде сұраныс бар 100 кәсіп бойынша 200 оқу орнын (180 колледж бен 20 ЖОО) жаңғыртуға 57 млрд теңгеден астам қаражат көзделген.

Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Білім және ғылым министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, өңірлердің әкімдіктерімен бірге осы жобаға қатысатын оқу орындары мен кәсіптер тізбесін айқындауды жеделдетуді тапсырды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге Жол картасын сапалы іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.