02 сәу, 2020 сағат 08:20

Мамин: Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары уақытылы орындалатын болады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалымен өткен селекторлық отырыста Қазақстан Республикасының 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2020 жылға арналған республикалық бюджеті, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 31 наурыздағы тапсырмаларын іске асыру аясындағы дағдарысқа қарсы шаралардың қосымша топтамасы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов баяндама жасады. Өңірлердегі ахуал және жұмыспен қамтуды қолдау шаралары туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Алматы және Түркістан облыстарының әкімдері А. Баталов пен Ө. Шөкеев баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап. 

Үкімет басшысы басым міндет жұмыспен қамту екенін атап өтті.  

«Жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасын» қаржыландыру 1 трлн теңгеге ұлғайтылды, бұл 240 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, бұған жобалар іске асырылатын кезде құрылатын уақытша жұмыс орындары ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын құру да кіреді.

Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру инфрақұрылымды жаңғырту мен тиімді активтерді құрудың негізі болуы тиіс, олар болашақта өсу мен дамуға негіз болады», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр кәсіпкерлерді қолдау үшін салықтық жеңілдіктер қабылданғанын айтты. Олар экономиканың түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде: сауда, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй және туристік бизнес, сондай-ақ қызмет көрсету секторының басқа да салалары бар. Салықтан босату және мөлшерлемелерді төмендету түрлі мерзімге және 700 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісіне қолданылады. 

Әлеуметтік төлемдерді алушылардың қатары артады, оның ішінде жұмысынан айырылған өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз кейбір топтары бар. Шамамен 3 млн қазақстандық 42500 теңге мөлшерінде төлемақы алатын болады.

Көп балалы отбасыларға, жұмыссыздарға тұрақты негізде тұрмыстық азық-түлік жиынтығы тегін берілетін болады. Бұл шарамен 800 мыңнан аса адам қамтылады. 

Үкімет басшысы әкімдерге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жаңа Жұмыспен қамту жол картасын уақытылы әрі тиімді іске асыруды, әлеуметтік қолдаудың барлық түрлерін төлеуді қамтамасыз етуді тапсырды. 

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірледі. Республикалық бюджеттің жобасы дағдарысқа қарсы шараларды толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етіліп, уақытылы орындалатын болады», — деді А. Мамин.