ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі диалог алаңы аясында Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кезекті кездесуді өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық одақ елдерімен орнаған ынтымақтастыққа аса көңіл бөлетінін атап өтті.
«ЕО – Қазақстанның басты инвесторларының бірі және ірі сауда серіктесі. 2019 жылдың 9 айында ҚР экономикасына түскен тікелей шетелдік инвестициялар ағыны $8,7 млрд дейін 15,8%-ға артты», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы биыл 1 наурызда ҚР–ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің (КСЫК) күшіне енуі Қазақстан–Еуропа қатынастарындағы сапалы жаңа кезеңнің басталуын білдіретінін атап өтті. Құжат сауда, инвестициялар, инновациялар және инфрақұрылымдық дамуды қоса алғанда, қызметтің 29 саласын қамтиды.
А. Мамин Еуропалық одақтың елшілерін Қазақстанның ЕО-мен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығына жәрдемдесу бойынша ашық әрі белсенді диалогты одан әрі жалғастыруға шақырды.
Өз кезегінде, дипломатиялық миссиялардың басшылары Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстарының оң қарқынын атап өтті.
«Қазақстан «Doing Business» рейтингінде тұрақты прогреске қол жеткізуде және инвестициялық ахуал мен іскерлік ортаны одан әрі жақсарту үшін зор әлеуетке ие. Мұнда Қазақстанның ЕО-мен инвестициялық ынтымақтастығы жөніндегі диалог үлкен рөл атқарады», — деді ҚР-дағы ЕО өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон.
Тараптар ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Брюссель қаласына алдағы сапарына дайындықты, КСЫК іске асыру бойынша қазақстандық тарап әзірлеген жол картасын, сондай-ақ ҚР-да инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу және салық саясаты мәселелерін талқылады.
Кездесуге Австрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланды, Польша, Испания, Эстония, Италия, Латвия, Литва, Грекия, Испания, Хорватия, Румыния, Словакия, Мажарстан, Финляндия, Швеция елшілері, Португалия, Болгария, Чехия, сондай-ақ ірі еуропалық компаниялардың өкілдері қатысты.
Биыл сәуір айында өтетін Қазақстанның ЕО-мен инвестициялық ынтымақтастығы жөніндегі диалогтың келесі отырысында КСЫК жүзеге асыру бойынша нақты қадамдарды, ҚР-ның жасыл экономикаға көшу мәселелерін және осы жылдың маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ДСҰ XII Министрлер конференциясына дайындық мәселелерін талқылау жоспарланған.