09 там, 2019 сағат 17:02

Мамин ЕАЭО-дағы әріптестерімен киіз үйде бас қосты

Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында шағын құрамдағы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы әдемі безендірілген киіз үйде өтті. Жиынға ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты, деп хабарлайды Sputnik агенттігі.

Көшпелі халықтардың баспанасын "Рух Ордо" мәдени орталығының "Киіз үй" қонақ үйі ұсынған.

Арнайы тігілген киіз үйге Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин, Қырғызстанның үкімет басшысы Мұхаммедқали Әбілғазиев, Ресей премьері Дмитрий Медведев, Беларусь үкіметінің басшысы Сергей Румас, Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян жиналды.

ЕАЭО-ға мүше елдердің премьерлері бірқатар құжатқа қол қойды. Олардың арасында ЕАЭО-ның кеден аумағында қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімге дайындық пакеті, ЕАЭО жоғарғы органдарының қаржылық-шаруашылық қызметіне ревизия қорытындысы, сондай-ақ, ЕАЭО мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты ұсыныстары мен сұраныс балансы, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бірлескен болжамдары және тағы басқалары бар.