ҚР Үкіметінің басшысы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұжымына жаңа министрді таныстырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
А. Мамин Асхат Аймағамбетовтың білім беру саласында тиісті білімі мен үлкен тәжірибесі бар екенін атап өтті.
Ол түрлі жылдары Қарағанды облысының Білім басқармасының басшысы, білім және ғылым вице-министрі қызметтерін атқарды, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болды.
Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігінің алдында ауқымды міндеттер тұрғанын айтты. Бұл - мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық және жоғары білімді жаңғырту, сұранысқа ие заманауи мамандар даярлау, білім және ғылымның сапалы жүйесін дамыту.
Сондай-ақ Үкімет басшысы ҚР Президентінің Жарлығымен басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР білім және ғылым министрі лауазымынан босатылған Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова жемісті жұмысы үшін алғыс білдіріп, жаңа орында сәттілік тіледі.
«Күләш Ноғатайқызы - тәжірибесі мол басшы. Министр қызметінде қарқынды жұмыс істеп, еліміздің білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосты», - деді ҚР Премьер-Министрі.