Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектен сотта жеңіліп қалған белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай сот шешімін орындамаса, ауыр жазаға тартылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Байбектің заңгері Айжан Тәшенова апелляциялық сот отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еске салайық, Мамай мен Иманбай Байбек туралы бірнеше видеоролик жариялағаннан кейін партия төрағасының орынбасары оларды сотқа берген болатын. Азаматтық сотта қаралған осынау процесте судья Байбектің талап-арызын қанағаттандырып, ерлі-зайыптыларды аталған видеороликтерді интернеттен өшіруге міндеттеді. Алайда, олар бұл шешіммен келіспей, апелляциялық сотқа шағым түсірді.
Ал, заңгер Айжан Тәшенованың айтуынша, ерлі-зайыптылар сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін талапты орындамаса алдымен әкімшілік жауапқа тартылады. Ал, одан да сабақ алмаса қылмыстық жаза арқалауы әбден мүмкін.
«Бауыржан Байбек сотқа жүгініп, өзінің дұрыстығын дәлелдеді. Ол алдымен әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке емес, тек азаматтық-құқықтық тәртіптегі сотқа жүгінгеніне назар аударғым келеді. Шешім заңды күшіне енгеннен кейін, жауапкерлер видеоны жария терістеуге немесе алып тастауға міндетті. Егер Мамай мен Иманбаева сот шешімін орындамаса, онда олар әкімшілік жауапкершілікке (өсімпұл немесе қамауға алу), содан кейін қоғамдық жұмыстар, шектеулер немесе тіпті бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деді Байбектің заңгері Айжан Ташенова.
