Белсенді Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты атқарушылық іс жүргізу қозғалды және мәжбүрлеп орындату бойынша шаралар қабылдана бастады. Бұл туралы Бауыржан Байбектің заңгері Айжан Ташенова өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды.
«26 тамызда біздің ұсынысымыз бойынша жеке сот орындаушысы жауапкерлердің шоттары мен мүлкіне ауыртпалық салды, оларға белгілі бір (нотариалдық) іс-әрекеттер жасауға тыйым салынды. Жауапкер қаражат жинау үшін ұсынған «Kaspi»-дегі Мамайдың жеке шотына да шектеу қойылды. Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның шоттарынан сот шығындарын өтеу есебіне 170 895 теңге тұтастай мәжбүрлеп алынды. Жауапкерлердің шоттарына келіп түсетін барлық ақша Б.Байбектің талап-арызы бойынша берешекті өтеуге ғана жұмсалатын болады», - деп жазды ол.
Бұған қоса заңгер жауапкерлердің ақшамен басқа ешқандай әрекет жасай алмайтын жеткізді.
«Б.Байбектің өтініші бойынша сот орындаушысы Ж.Мамай мен И.Иманбаевадан алынған барлық ақшаны аутизмі бар балаларды қолдау үшін бірден «Болашақ» корпоративтік қорының шотына тікелей аударады. Қайталап айтамын, бұл ерікті түрде емес, мәжбүрлеу арқылы, заңда белгіленген рәсімдер аясында жасалынып жатыр. Осылайша Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты талап арызы бойынша сот шығындарын өтеу бөлігіндегі сот шешімінің орындалуы қарқынды түрде жүруде», - делінген Ташенованың жазбасында.
Сондай-ақ Байбектің заңгері сот шешімі жауапкерлердің қандай да бір қулықтары мен мәлімдемелеріне қарамастан, толық көлемде орындалатын болатынын ескертті. Бұл үшін заңда жан-жақты шаралар көзделген.
