25 там, 2021 сағат 18:39

«Мамай – қарабет»: Алматыда Nur Otan жақтастары демпартия өкілдеріне қарсы акция өткізді



Алматыда белсенді Жанболат Мамайдың жақтастары ұйымдастырмақ болған жиын өтпей қалды. 

Тіркелмеген Демократиялық партияның өкілдері бұрынғы «Саяхат» базарының маңына жиналып, Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбекке қарсы акция өткізбек болған. Алайда, сол маңға ондаған адамнан құралған партия жақтастары да жиналып, «мамайшылардың» жиын өткізуіне жол берген жоқ.

Жиналған жұрт «Мамай – қарабет», «Мамай, қарызды қайтар» деп ұрандатты. Олар қолдарына плакат ұстап, Жанболат Мамайды «сатқын» деп те айыптады. Ал, демпартиялық он шақты адам бұл топтан қашып, наразылық акциясын үзуге мәжбүр болды.

Айта кету керек, бұл акцияға Жанболат Мамайдың өзі де, әйелі Инга Иманбай да қатысқан жоқ. Олар осы акцияға өздерінің қоластындағы адамдарын жіберсе керек. Десе де, куәгерлер Мамайды Райымбек көшесінің бойында наразылық акциясын көлік ішінен бақылап отырғанын байқаған.

Еске салайық, Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай биыл көктемде Бауыржан Байбекті жемқор деп айыптап, бірнеше видеоматериал жариялаған болатын. Артынша Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары ерлі-зайыптыны сотқа берді. Сотта Мамай мен Иманбай видеороликте айтқан мәліметтеріне дәлел келтіре алмағандықтан жеңіліп қалды. Енді олар аталған роликтерді интернеттен өшіріп, 800 мың теңгеден астам сот шығынын өтеуі тиіс. Байбек бұл қаражатты аутизммен ауыратын балалардың еміне жұмсайтынын мәлімдеді.