11 нау, 2025 сағат 12:19

"Мама" қойылымы: Мәңгілік құндылықтар туралы сыр

Фото: театрдың баспасөз қызметі

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры жаңа маусымның тағы бір әсерлі премьерасымен қуантты. Наурыздың 7-8 күндері Барзу Абдураззаковтың «Сәлем, Мама, бұл мен!» пьесасының желісі бойынша сахналанатын «Мама» қойылымы көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қойылымның режиссері – Фархад Молдағали, ал басты рөлдерде талантты актерлер Лидия Кәден, Күлжәмилә Белжанова, Қазбек Төлен және Елдар Отарбаев өнер көрсетеді.

Фото: театрдың баспасөз қызметі

«Мама» қойылымы отбасылық қарым-қатынас пен адамгершілік құндылықтарды көрерменге жаңа қырынан көрсетеді. Спектакль сюжеті қарт ана мен оның жұмысбасты ұлының телефон арқылы сөйлесулеріне негізделген. Қарапайым диалогтар арқылы ана мен бала арасындағы нәзік қарым-қатынас, мейірім мен сүйіспеншілік, уақыттың құндылығы шебер жеткізіледі. Әңгімелер «бос» сияқты көрінгенімен, олар әрбір адамның жүрегіне жақын мәңгілік тақырыптарды қозғайды.

Фото: театрдың баспасөз қызметі

Кейіпкер ұлының анасына деген қарым-қатынасы біртіндеп өзгере бастайды. Әрбір қоңырау – бұл жақын адамдардың бір-бірін түсінуге ұмтылысы мен махаббаттың шексіздігіне терең бойлау.

8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қойылған жаңа қойылым әр адамды өз ата-анасы мен жақындарына назар аударуға, қамқорлық пен сүйіспеншілік көрсетуге тағы бір мәрте шақырып, отбасылық құндылықтарды еске салады.