02 қар, 2017 сағат 17:22

Махамбет Әбжанның ісі: айыпкердің бұрынғы серігі куәлік берді

Астана қаласы, Сарыарқа аудандық №2 сотында алаяқтық бойынша айыпталып отырған белсенді Махамбет Әбжанның ісіне қатысты тыңдау басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Куәгер ретінде шақырылған Әбжанның бұрынғы серігі, ұлтшыл-патриот Мақсат Нұрыпбаев айыпкер Әбжанмен «Антигептил» қозғалысын бірлесе жүргізу кезінде танысқанын айтты. Сөзіне қарағанда Мақсат бүгінде «Ата-кент» тұрғын үй кооперативінің мүшесі, бірақ соңғы бір жылда оның жұмысына қатыспаған. Сонымен қатар ол кейінгі бір ішінде Әбжанмен хабарласпағаны, қазір оның немен айналысатыны туралы білмейтінін мәлімдеген. Мұны ол үш ай бұрын тергеу барысында да айтқан.

Әрі қарай Мақсат Нұрыпбаев бұрын «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы болған Қайрат Бодауханның бүгінде «Ата-кент» кооперативін басқаратынын айтты.

Осы жерде прокурор оның сөзін бөліп, алдын ала тергеу хаттамасынан үзінді оқыды. Одан белгілі болған нәрсе, Мақсат мұның алдында «М.Әбжан үлескерлер арасында Бодаухан үлескерлердің ақшасын алып шетелге кетпек деген мәлімет таратты» деп куәлік берген. Яғни, Мақсаттың айтуынша, Әбжан үлескерлерге Бодаухан сендердің ақшаларыңды алып қашып кеткелі жүр деген әңгіме таратқан. Осы жалған мәлімет таратуға байланысты Мақсат Нұрыпбаевтың Әбжанмен қарым-қатынасы бұзылған. Тергеуші одан Әбжанды «отырғызу» үшін қажет куәліктер беруді сұраған. Өз сөзіне қарағанда, Мақсат жалған куәлік беруден тартқан, бірақ тергеушінің кей дәйектерімен келіскен. Өйткені, ол кезде көңіл-күйім нашар, әрі шаршап тұрған едім деді ол. Тергеуші өзіне қысым жасамағанын мәлімдеді. Ал Әбжан мақсатына жету үшін араздық туғызу әдісін қолданды деп куәлік бергенін растады.

Одан кейін айыпталушы Әбжан куәгер Мақсаттан Бодауханның кооператив басшысы болып қалай сайланғанын туралы сотқа баяндап беруді сұрады. Куәгер бұл жөнінен хабарсызбын деді.

Бодаухан мұның алдында сапасыз құрылыс материалдарын алғаны үшін Нұрыпбаев кооператив құрамынан шығарылды деп куәлік берген. Айыпталушы куәгерден осы мәселені нақтылауды сұрады. Нұрыпбаев ол шындыққа сәйкес келмейді деп жауап берді. 

Тыңдау кезінде анықталған тағы бір нәрсені айта кеткен жөн. Куәгер Нұрыпбаев тергеу кезінде айыпталушының жеке басын жақтырмаймын деген. Алайда, процесс барысында ол бұл сөзінен бас тартты. Тергеу орыс тілінде жүрді, мен қазақша жауап бердім, аудармашы болмағаны себепті тергеуші менің сөзімді дұрыс түсінбеді деді ол.

Әрі қарай куәлік берген Нұрыпбаевтың сөзіне қарағанда, Ата-кент» мүшелері болмағандықтан Ахмедзада Жәңгір мен Махамбет Әбжан кооператив жұмысына қатыспауы керек еді. Үлескерлер өз мүддесін қорғауды Әбжан мен Жәңгірге тапсырғанын білмедім, өйткені, кооператив шешімдері мүшелердің жалпы жиналысында қабылдануы тиіс деді ол.

Нұрыпбаевтың айтуынша, 2016 жылға дейін Бодаухан кооператив жұмысына К.Мейрамның сенімхаты бойынша қатысып келген, одан кейін төраға болып сайланған.

Бұдан әрі соттың сұрауы бойынша Нұрыпбаевты тергеу кезінде түсірілген видео көрсетілді. Нұрыпбаев сотқа қатысушы азаматтық белсенділер және ұлтшыл патриоттар алдында абыройынан айырылмау үшін тергеушінің Әбжанға қатысты орыс тілінде қойған сұрақтарын түсінбедім деген. Алайда, видеода Нұрыпбаев Әбжанды бұрыннан жақтырмаймын, ол адамдарды алдауға тырысатын деп ашық айтады. Сонымен қатар видеода Нұрыпбаевтың тергеуші сұрақтарына орыс тілінде жауап беріп отырғаны көрсетіледі.

Тергеу версиясы бойынша, Махамбет Әбжан Оңтүстік Қазақстан облысы Ақсукент ауылы тұрғыны Ғалымжан Пановқа «алдын ала бір миллион теңге берсеңіз, «Ата-кент» тұрғын үй-құрылыс кооперативінен үш бөлмелі пәтер ала аласыз» деген. Нәтижеде Панов 972 мың теңге зиян шеккен.