28 жел, 2021 сағат 14:38

Мырзағалиев: Министр ретінде АЭС салу керек деп есептеймін


ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда АЭС салу бастамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2035 жылға дейін біз электр энергиясын тұтыну әрі өндіру көлемінің балансын жасадық. Бұл - өте күрделі жұмыс. Бірнеше ай бойы «KEGOC» компаниясы бар, біздің ірі стансалардың өкілдері, ірі тұтыншулар бар, солармен бірге отырып балансын анықтадық. Сол көрсеткіштерге сүйенсек, электр энергиясының тапшылығы байқалып отыр. Осы тапшылықты болырмау мақсатымен атом стансасын салу керек болады деп айтуға толық негіз бар», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Ведомство басшысы бұл ұстанымын мына себептермен байланыстырды. Оның пайымдауынша, электр энергиясын өндірудің балама жолдары соншалық көп емес. 

«Күн немесе жел энергиясын салуға болады. Алайда ондай стансалар тұрақты энергия өндіре алмайды. Күн стансасы күндіз ғана жұмыс істейді. Ал жел стансасы желді күні ғана қуат өндіреді. 

Екінші нұсқа бойынша газ электр стансасын салуға болады. Бірақ біздің мемлекетімізде газдың үлкен көлемі жоқ. Біз мұнайлы мемлекетпіз, алайда газды мемлекет емеспіз, өкінішке қарай. Сондықтан көпжылдық стратегиямызда бізде газды электр стансаларды салу мүмкіндігі жоқ. Жаңа айтқанымдай, 3 ГВт газ стансаларын саламыз. Одан артық газ жоқ», - деді министр. 

Оның айтуынша, үшінші жол көмір жағатын стансалар салу. 

«Дегенмен қазір бүкіл әлемде көмір стансаларын салудан бас тартып жатыр. Әлем бойынша тренд сондай. Оған халықаралық қаражат та бөлінбейді. Сонымен қатар тиісті құрал-жабдықтарға яғни, турбиналар, қазандықтар шығарылмайды. Ондай 2-3 ел ғана қалды, басқа елдер ондай өндірісті тоқтатқан. Сонда не қалады бізде? Тек атом стансасы ғана. Сондықтан, энергетик ретінде, Энергетика мминистрі ретінде айтарым, бұл баланста бар және салу керек болады. Әрине бұл оңай шешім емес, өте күрделі мәселе. Дегенмен, әрине, біз бүкіл анализ жасағаннан кейін арнайы ұсынамыз», - деді Энергетика министрі. 

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, заманауи технологиялар атом электр стансаларын бұрынғы нұсқаларына қарағанда қауіпсіз етуге мүмкіндік беріп отыр. 

«Қазір станса салғанда өте заманауи технологиялар қолданылады. Әлем бойынша қателеспесем 249 атом блогы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 150-ден астам жаңа блок салынуда. Еуропа елдерінде, араб елдерінде, басқа да елдерде қолған алынған. Сондықтан бұл жұмыс әлем бойынша өте белсенді жүріп жатыр. Қазіргі заманауи технологиялар өте қауіпсіз деп айтуға болады», - деді министр.