Еліміздегі, жалпы бүкіл әлемдегі экономикалық ахуал қандай? Нарықтан қандай өзгерістер күтуге тура келеді? Жалпы, ел үкіметі мен Ұлттық банк әзірлеген әдістер қаншалықты тиімді?
Дәл осы сауалдарға «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының жетекші ғылыми қызметкері Мадияр Кенжеболат жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Толықтай алғанда, жағдай тек біздің еліміз үшін ғана ауыр болып тұрған жоқ. Бұл жалпыәлемдік проблема. Дүйсенбі күні бүкіл әлемде тауарлық және қор нарықтары жаппай құлдырады. АҚШ тіпті қор нарығының қатты құлауы салдарынан сауда-саттықты тоқтатып та тастады. Дегенмен, сейсенбі күні-ақ оң өсім байқала бастады. Мәселен, дүйсенбі күні 30 пайызға бірақ құлаған мұнай бағасы сейсенбі күні 7 пайызға көтерілді. Ұлттық банктің алдын ала шара қолданып, пайыздық мөлшерлемені ұлғайтуының, қажет болған жағдайда интервенция жасайтындығына уәде беруінің арқасында теңге көптеген сарапшылар болжағандай қатты құлдыраған жоқ. Қазіргі уақытта 1 доллар шамамен 395 теңгені құрайды. Ресей рублі де құлдырауын біршама деңгейде түзете алды. Дүйсенбі күні бір доллар 75 рубль болса, кешегі күні 1 доллар шамамен 72 рубль шамасында тіркелді», - деді сарапшы.
Оның атап өтуінше, Қазақстан соңғы 10 жылыдң ішінде жаһандық дағдарыс құбылысымен бірнеше рет бетпе-бет келді және дағдарысқа қарсы тиімді шараларының арқасында күрделі жағдайдан шыға алды.
«Мұнай бағасы 3 есеге жуық құлдыраған 2007-2009 жылдары және 2014 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде тиімді шаралар қабылдай алды. Меніңше, Үкімет Ұлттық банкпен бірге бұл жолы да жедел қарсы әрекет етіп, халық алдындағы барлық міндеттемелерін орындайтын болады», - деді Мадияр Кенжеболат.
Осы орайда алдағы уақытта әлемдік экономикадағы ахуалға болжамын білдірген Мадияр Кенжеболат жағдайдың түзелуіне бірнеше фактор әсер ететіндігін баса айтты.
«Қазіргі уақытта Сауд Арабиясы да, Ресей де мөлшерлемені көтеріп отыр. Кеше Сауд Арабиясы сәуір айнынан бастап мұнай өндірісінің көлемін қазіргі тәулігіне 9,7 млн баррельден 12,3 млн баррельге дейін ұлғайтатындығын мәлімдеді. Олар әлемдік нарыққа қосымша шығаруды жоспарлап отырған тәулігіне 2,6 млн баррель мұнай өте үлкен көлем саналады. Ресей тарапының өкілдері де қысқа мерзімді кезеңде мұнай өндіру көлемін тәулігіне 300 мың баррельге, орта мерзімде 500 мың баррельге жеткізетіндіктерін айтты. Егер бұл жанжал одан ары ушыға беретін болса, онда мұнайдың құны баррельіне шамамен 30 доллардан да төмендеп кетеді. Бұл жағдай теңгеге де қысым жасайды», - деді сарапшы.
Осы ретте ғылыми қызметкер еліміздің Үкіметі нақты шаралар қабылдап жатқанын, 2020-2022 жылға арналған бюджетті нақтылау жүргізілетіндігін айтты.
«Сәуір айының ортасында бюджет нақтылануы мүмкін. Қазіргі уақытта бюджет мұнай бағасы барреліне 55 доллардан, ал бір доллар 370 теңге бағамымен есептелінген. Соған орай мұның барлығы да өзгеріске ұшырайды. Бұған қоса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз тарапынан барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындайтындығын айтты», - деді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының жетекші ғылыми қызметкері.