18 мам, 2024 сағат 13:21

Бұрынғы әйелі "11 жыл бойы қинады" деп айыптаған әкім мәлімдеме жасады

Сурет: facebook.com

Атырау облысы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов Facebook-тегі парақшасында бұрынғы әйелінің ұрып-соқты және қинады деп айыптағанына байланысты мәлімдеме жасады. 

"Бұрынғы жұбайым әртүрлі әлеуметтік желілерде тараған соңғы оқиғаларға байланысты, менің лауазымды тұлға екенімді біле тұра, осындай мәлімдемелер жасап жатқан сияқты", - деп жазған әкім.


Ол ортақ балалары, 2 қызы өзімен бірге тұратынын айтқан. 

"Олар махаббат пен сүйіспеншілікте өмір сүруде. Мұндай шешім 2 қызымның қалауы бойынша қабылданып, бұдан басқа бұл туралы соттың заңды шешімі де шыққандығын хабарлаймын. Шабуыл жасады деген айыптауларға келсек, қазір сот процесі жүріп жатқандығын және де БАҚ өкілдерінен асығыс қорытынды жасамауларын сұраймын", - деп жазды ол.


Еске салайық, бұған дейін желіде Ақмарал Үмбетқалиева жазған видео тараған болатын. Ол Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтің бұрынғы әйелі екенін мәлімдейді. 

Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі оны 11 жыл бойы жүйелі түрде ұрып-соғып, азаптаған.