17 мау, 2019 сағат 15:11

Мәдениет және спорт министрі тағайындалды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Мәдениет және спорт министрі лауазымына Ақтоты Райымқұлованы тағайындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

«Ақтоты Рахматоллақызы Райымқұлова Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалсын», - делінген Мемлекет басшысының Жарлығында.

Ақтоты Райымқұлова 1964 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Тұрмысқа шыққан, Оспан және Әлім есімді екі ұлы бар.

Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген. 25 ғылыми еңбектің авторы.

Ақтоты Райымқұлованың шығармалары ресми іс-шараларда орындалады. 

Ол "Ел бақыты", "Apple of Peace", "Көкжал қантатысы", "Толғау", "Дала сыры", "Жәмиля" симфониялық поэмаларының, "Аспан көші" екі актілі балеті, "Алатау" пьесасы, "Соңғы сезім", "Тұзды шөл", "Абай", "Еңлік-Кебек", "Абылайхан", "Адам баласы Қайын", "Естайдың Қорланы", "Гамлет", "Қорқыттың көрі", 'Сыған серенадасы" сынды спектакль, фильмдер мен сериалдардағы саундтректердің авторы.

1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын "композиция" және "фортепиано" мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін осы жоғары оқу орнында "композиция" бағыты бойынша аспирантурада оқыды;

2007-2010 жылдары докторлық диссертациясын сәтті қорғап, доктор атанды;

Ресей Федерациясы жанындағы халық шаруашылығы бизнес академиясының МВА дәрежесін алды. Ғылыми атағы – DBA (Doctor of Business Administration).

Жаңа министр өзінің еңбек жолын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында педагог болып бастады. Кейін қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында оқытушы қызметін атқарған.

Ақтоты Райымқұлова Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы "дирижерлік" кафедра меңгерушісі, ректордың көмекшісі, доцент, профессордың міндетін атқарушы, әлеуметтік-экономикалық істер жөніндегі проректоры лауазымына дейін жетті. 

2003-2007 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының "Композиция және оркестрлік дирижер" кафедрасының меңгерушісі болған.