ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Киностудия баспасөз қызметінің мәліметінше, министрмен кездесуге ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, КСРО халық әртісі, киностудияның көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, сондай-ақ киностудияның әкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі вице-президенті Айдархан Әділбаев, өндіріс жөніндегі вице-президенті Айдар Баталов, «Қазақфильм» президентінің стратегиялық мәселелері бойынша кеңесшісі Әли Шәукенов және басқалары қатысты.
Кездесу барысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев киностудиядағы Қазақ киносының музейін аралап, ескі кино камералар мен басқа да құралдар, қолданылған костюмдер, Шәкен Аймановтың жинаған коллекциясы мен өзі қолданған жеке заттар сақталған ұлттық кино өнерінің тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен танысты.
Сондай-ақ министрге 2021-2023 жылдарға жоспарланған модернизация бағдарламасы аясында сатып алынған заманауи түсірілім техникасы – камералар, жарық құралдары және басқа да жабдықтар көрсетілді. Кездесу барысында «Қазақфильмнің» басшылары министрге соңғы екі жылда түсірілген фильмдер туралы жан-жақты баяндап беріп, еліміздің басты кино алаңының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алға қойған жоспарларымен бөлісті. Өз сөзінде киностудияның вице-президенті Айдрахан Әділбаев «Қазақфильмнің» модернизациясы бойынша егжей-тегжей баяндап, қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішін білдірді.
«Қазақфильм» - еліміздің бренді. Киностудия елдің көңілінен шығатын сүбелі туындыларды түсіруі және осы бағытта жұмыс істеуіміз керек», - деді Дәурен Абаев.
Басқосу соңында киностудияның көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа «Қазақфильмге» келіп, ұлттық кино өнерінің проблемаларына аса көңіл бөлгеніне алғысын айтты. Сондай-ақ қазақ киносының абызы құрамына Олжас Сүлейменов, Дулат Исабеков, Смағұл Елубаев сынды басқа да көрнекті қайраткерлер кіретін абыройлы көркемдік кеңес құруды ұсынды.
Кездесуден кейін жиналғандар «Ұлы дала таңы» тарихи фильмінің жұмыс нұсқасын тамашалады. Айта кетсек, фильмнің режиссері Ақан Сатаев оқшаулау режимінде болғандықтан, кездесуге қатыса алмады. Алайда, фильмнің көрсетіліміне басты рөлді сомдаған актерлер – Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов, фильмнің кеңесшісі– белгілі тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев, киностудияның Директорлар кеңесінің мүшесі Арманжан Байтасов және басқа да өнер қайраткерлері қатысты.
Тарихи кинотуындыны тамашалаған қонақтар жоғары баға беріп, фильмнің тартымды желісі мен басты кейіпкерлердің рөлін сомдаған актерлердің шеберлігін атап өтті.