Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен мәдениет саласындағы бірқатар бағынысты ұйымдардың басшылары тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомствоның мәліметінше, Жеңіс Сейдуллаұлы «Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі» РМҚК директоры қызметіне тағайындалды.
Жеңіс Сейдуллаұлы 1962 жылы 14 мамырда Қызылорда облысында дүниеге келген. 1982 жылы Шымкент музыка училищесін бітірген, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі.
Әр жылдары «Арқас» ансамблінің аспапшы-артисі, «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің бас дирижері, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының солисі болып жұмыс істеген.
«Гүлдер» ансамблінің директоры, Алматы қаласы «Қазақ әуендері» АҚ өңірлік директоры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыс және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры қызметтерін атқарған.
2016-2018 жылдары - Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Қазақконцерт» ұйымын басқарған.
Зура Жұмахметова «О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі» РМҚК директоры қызметіне тағайындалды.
Зура Жұмахметова 1967 жылы 4 қазанда Алматы облысында дүниеге келген.
1989 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Білім беру жүйесінде жұмыс тәжірибесі мол.
2004 - 2013 жылдар аралығында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу-әдістемелік бөлімінің және оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген.
2013-2015 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мектеп-интернат, колледж басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мектеп-интернат, колледжінің басшысы қызметін атқарған.
Гүлайым Жұмабекова «Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі» РМҚК директоры қызметіне тағайындалды.
Гүлайым Жұмабекова 1966 жылы 20 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.
1991 жылдан 2013 жылға дейін әр түрлі лауазымдарды атқарған, Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде экскурсия жүргізуші, редактор, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, зергерлік өнер секторының басшысы лауазымында болған.
2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін қолданбалы өнер бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Асылбек Баяжұма «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ директоры қызметіне тағайындалды.
Асылбек Баяжұма 1978 жылы 25 желтоқсанда Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында дүниеге келген.
2001 жылы Көкшетау университетін «саясаттану» мамандығы бойынша бітірген.
Әр жылдары Ақмола облысының ішкі саясат саласында қызмет істеген, 2019 жылғы шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің жиынтық талдау және жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарған.