24 мау, 2022 сағат 20:55

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы өседі – министрлік


Еліміздегі «Ұлттық» мәртебесі бар бес жетекші мәдениет ұйымы қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға артады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың министрлікке бағынысты ұйымдар ұжымдарымен кездесуі барысында айтылды. Тиісті жобаны ҚР МСМ әзірлеп, ҚР Үкіметі мақұлдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театры, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы «ұлттық» мәртебеге ие. Енді осы ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақысына жаңа коэффициент қолданылатын болады. Мысалы, 7-10 жылдық еңбек өтілі бар артистер қазір 217 129 теңге алады, ал 1 шілдеден бастап олардың еңбекақысы 379 977 теңгені құрайды.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы еліміздің мәдениетін дамытуға, сала қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Бұл бағытта министрлік тарапынан да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Еңбекақыны көтеру-бұл маңызды бағыттардың бірі ғана. Сонымен қатар, біз бірқатар мәдениет нысандарын қайта жаңғыртып, материалдық-техникалық базаны жақсарту және қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселелерін қарастырамыз», – деді Дәурен Абаев.

Алматыға сапары аясында министр Наталья Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрына барды, сондай-ақ мәдениет саласының сарапшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.