Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко Минскіге санкция салуға үндейтін азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды қарастыратын заңға қол қойды, деп хабарлайды Азаттық.
Құжатқа сәйкес, заң бұзғандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін: егер санкция жөнінде үндеу қарапайым азаматтарға бағытталса – 6 жыл, шетел ұйымдары мен билігіне бағытталса – 10 жыл, егер үндеуді лауазымды тұлға жасаса және соның салдарынан санкцияның экономикаға әсері сезілсе, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Лукашенконың баспасөз қызметі шараларды "деструктивті күштердің ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіру талпынысына лайықты жауабы" деп атады.
Былтыр тамыздағы президент сайлауынан кейін және жаппай қудалау шараларынан соң Батыс белорус билігіне санкцияны күшейткен. Бір жарым жылға жуық уақыт ішінде санкциялар Беларусьтің тұтас экономикасын қамтыған. Санкцияға ілінгендер арасында мемлекеттік компаниялар, ондаған шенеунік, сот, құқық қорғау орган өкілдері, мемлекеттік БАҚ бар.
Қараша соңында Лукашенко Беларусьтің батыс санкциясынан зардап шекпегенін мәлімдеп, оның зиянын есептеудің өзі қымбатырақ болатынын айтқан.
Осыған дейін Ресейдегі бірқатар лауазым иелері де санкцияға шақырғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттігін алға тартқан.
