03 қыр, 2020 сағат 13:09

Лукашенко күштік құрылым басшыларын ауыстырды

Беларусь президенті Александр Лукашенко мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Валерий Вакульчикті Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы етіп тағайындады. Бұған дейін кеңеске жетекшілік еткен Андрей Равков қызметінен босаған. Бұл туралы Беларусь президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып Иван Тертель тағайындалған. Ол бұған дейін мемлекеттік бақылау комитетін басқарған. 

Андрей Равковқа жаңа қызмет берілгені-берілмегені белгісіз.

Тамыз айында өткен президент сайлауының ресми қорытындысын оппозиция мойындамағаннан кейін елде саяси дағдарыс туындаған еді. Оппозиция президенттің отставкаға кетуін және жаңадан әділ сайлау өткізуді талап етіп отыр. Лукашенко биліктен кетпейтінін мәлімдеген.

Елдің ірі қалаларында наразылық шаралары тұрақты түрде өтіп жатыр. Бұған дейін Минск орталығында өткен наразылық шарасына 200 мыңға дейін адам қатысқан.

Генерал-лейтенант Вакульчик мемлекеттік қауіпсіздік комитетін сегіз жыл басқарған. Генерал-лейтенант Равков Қауіпсіздік кеңесіне қаңтар айынан бері жетекшілік еткен. Оған дейін алты жыл қорғаныс министрі болған.