05 ақп, 2020 сағат 10:22

Лотереяны заңсыз өткізгендерге жауапкершілік белгіленді – Ақтоты Райымқұлова

Лотерея операторынан басқа жарнамада «лотерея» сөзін қолдануға тыйым салу енгізіліп отыр. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде лотерея операторымен келісімшарт бойынша агенттік қызметті жүзеге асыратын үш мыңнан астам субъект қызметін атқарып жүр. Заңнамада «лотерея таратушысы» агенті ұғымының жоқтығынан құқықтық коллизиялар пайда болып, көптеген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ лотерея операторының қызметіне кедергі тудыртып отыр. Мұнымен қоса, заң жобасында лотереяны заңсыз өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді, - деді А. Райымқұлова Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тиісті заң жобасын таныстыру барысында.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінде лотерея операторы болып саналмайтын тұлғаның лотерея қызметін жүзеге асыруына тыйым салу бөлігінде «Лотерея және лотерея қызмет туралы» Заңының ережелерін іске асыруды қамтамасыз ететін нормалар жоқ.

«Лотереялық қызмет атын жамылып, алаяқтық қызметті жүзеге асырудан, сондай-ақ жарнамада жалған лотереялық қызмет туралы ақпарат таратудан Қазақстан азаматтары қорғаусыз қалып отыр. Осыған орай лотерея операторынан басқа жарнамада «лотерея» сөзін қолдануға тыйым салу қарастырылды. Заң жобасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне құзырет беру арқылы лотереялық қызметті тиімді әрі жедел мемлекеттік реттеу тетігі енгізіліп отыр. Яғни лотерея өткізудің ережелерін бекіту, лотерея өткізудің тәсілдеріне қойылатын талаптарды бекіту ескерілген. Бұл шаралар бір жағынан лотерея қызметі саласын дамытуды әрі ақпараттық технологиялар қолдануды шектемеуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, уәкілетті орган ретінде министрлікке лотерея қызметі саласындағы құқыққа қарсы қызметті тиімді шектеуге жол ашады», - деді А. Райымқұлова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.