05 ақп, 2020 сағат 11:58

Лотереядан спортты қолдауға қанша қаржы бағытталады?

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ұлттық лотереяны сатудан түскен қаржы қай бағытта жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заңнамаға сәйкес, тоқсан сайын спортты дамытуға тиісті сома төленеді. Заң бойынша бұл деңгей 10 пайызды құрайды. Конкурс нәтижесі аясында «Сәтті жұлдыз» өз табысының 15 пайызын төлеу міндетін алды. Бүгінде 376 млн теңге төленген, тағы да 421,7 млн теңге бөлінеді. Қазіргі таңда бұл қаржы Ұлттық Олимпиада комитетіне бағытталуда. Яғни әкімшілік шығындар мен жарғылықты қызметтерді орындауға, олимпиадалық спортты қолдауға арналған», - деді А. Райымқұлова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Лотерея туралы қысқаша түсіндірме бергім келеді. Лотереяда лотерея операторы қатысушылардың ақшасын жинайды және кейіннен оларды осы қатысушылардың арасында таратады. Барлығына емес, сәтті түскендерге кепілдік береді. Сонымен қатар, жиналған қаражаттың бір бөлігін елдегі спорттың дамуына бағыттайды. Лотерея операторының міндеті - ұтыстарды лотерея қатысушылары арасында еркін таңдау тәсіліменен бөліп беру», - деп түсіндірді министр. Осы орайда А. Райымқұлова лотерея елімізде мемлекет бақылауында екенін атап өтті.

Айта кетейік, Лотереяны заңсыз өткізгендерге жауапкершілік белгіленді.