26 нау, 2020 сағат 10:28

Латын Америкасы мен Кариб елдерінен 137 қазақстандық елге оралды

Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Қазақстанның Мексикадағы елшілігі Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінен отандастарымыздың елге оралуына көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровқа сілтеме жасап.

Осылайша, 13-25 наурыз аралығында 127 қазақстандық Доминикан Республикасынан, 4-і Мексикадан, 3-і Панамадан және 3-і Коста-Рикадан оралған. 

«Аталған мемлекеттер халықаралық әуе қатынастарды тоқтату мен шетел азаматтарына халықаралық әуежайлардағы транзиттік аймақтардан шығуға тыйым салуларына байланысты бірқатар қиындықтар орын алған болатын. Осы кедергілерге қарамастан Мехико мен Мәскеудегі біздің дипломаттарымыздың үйлесімді әрекеттерінің арқасында көптеген ҚР азаматтарын Мәскеу арқылы транзитпен Қазақстанға аман-есен жеткізу жұмысы сәтті ұйымдастырылды», - деп хабарлайды Айбек Смадияров.

Қайтып оралған азаматтар Мексикадағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлеріне олардың мәселелерін және туындаған қиындықтарды шешуде тәулік бойы көмек көрсеткені үшін үлкен алғыс білдіруде.