Полицейлер Лас-Вегастағы қанды қырғын ісіне қатысты жаңа деректерді анықтады, - деп хабарлайды CNN.
Телеарна мәліметінше, Стивен Пэддок қылмыс жасау алдында Филиппиндегі банк есепшотына 100 мың доллардан аса қаражат аударған. Құқық қорғау органдарындағы дереккөздің мәліметінше, бұл қаражат кімнің атына аударылғаны әзірше белгісіз. ФТБ осы мәселе бойынша Филиппин билігімен жұмыс істеп жатыр екен.
Тағы бір дерек - Пэддок танымал музыкалық фестиваль барысында да атыс ұйымдастырғысы келген. The Daily Beast мәліметінше, қыркүйектің соңында ол Лас-Вегаста тұрғын үй жалдаған, оның терезелері Life Is Beautiful музыкалық фестивалінің алаңына қарай шығып тұрған. Алайда, болжам бойынша "қылмыскердің" "жүйкесі тозғаны" немесе 28 қыркүйекте "жоспарын өзгертіп, Mandalay Bay қонақүйіне көшіп баруды ұйғарған" делінеді.
Еске салайық, 1 қазанда Лас-Вегастағы музыка фестивалінде атыс шығып, 59 адам қаза тапқан, тағы 500-ден аса адам зардап шеккен. Фестивальде оқиға кезінде 22 мыңдай адам болыпты.
Қырғын жасағаннан кейін ер адам өзіне қол жұмсаған, ал полицейлер нөмір ішінде сегіз дана қару тапқан. KNTV телеарнасы атқыштың қаруды екі платформаға орнатқанын анықтапты. Сонымен қатар, ол полицейлердің қалай келіп жатқанын камера арқылы көріп отырған.
Лас-Вегастағы қырғын АҚШ тарихында адам өлімі ең көп тіркелген оқиға болып отыр. Мұның алдында 2016 жылдың 12 маусымында Орландода болған қырғын қаза тапқан адам саны бойынша ең көбі еді. Сол кезде Pulse гей-клубында 49 адам өлтіріліп, 53-і жарақат алған болатын.