11 шіл, 2025 сағат 17:54

Лабубу: Құбыжық ойыншық қалай трендке айналды?


Фото: charnsitr/Shutterstock/FOTODOM

Тек Қазақстанда ғана емес, бүткіл әлемде балалар Лабубу атты жұмсақ ойыншыққа қызығып, ата-аналарына алып беруін өтінеді, ал трендтен қалмайтын қыз-жігіттер оны сән үшін ұстайды. Құбыжық тәрізді ойыншықтың үлкен-кіші буынның бірдей қызығушылығын туғызатындай не құдыреті бар?

Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін әлеуметтік желіні белсенді қолданатын заманда желідегі маркетингтің «құрбаны» болмау да қиын шығар. Әйтпесе жай ғана жұмсақ ойыншық мұншалықты танымал болар ма еді?! 

Лабубу қайдан шықты?

Лабубу (Labubu) ‒ 2015 жылы гонконгтік суретші-иллюстратор Касинг Лунг ойлап тапқан персонаж. Ол Лунг жасап шығарған кітіптар және ойыншықтар сериясындағы құбыжық-кейіпкер. Лабубу жұмсақ ойыншығы ‒ үшкір құлақты көзі үлкен, тоғыз тісі ақсиып күліп тұрады.

2019 жылы Қытайдың Pop Mart компаниясы оның ұсақ ойыншықтары мен брелоктарын жасап шығара бастады.
Ресми дүкендерінде Лабубудың сатылымының жоғарылығы сондай, оның көшірмесі де әлем бойынша өте көп. Бірақ оның атағы аспандаған кез 2025 жылы k-pop жанрында ән айтатын кореялық танымал әнші, Blackpink тобының солисті Lisa аксессуар ретінде ұстап шыққаннан басталды. Одан кейін Лабубуды Риана, Ким Кардашьян, Дуа Липа сияқты басқа да әлемдік жұлдыздар ұстап, танымалдығын арттырды.

Фото: Blackpink тобының әншісі Lisa/upmedia.mg

Ойыншықтың ерекшеліктерінің бірі ‒ оны ашқанда түрлі тосынсыйларының болуында. Қорапты ашқанға дейін қандай ойыншық кездесетінін білмейсің. Әлеуметтік желіде Лабубу қорабын ашып видео түсіру трендке айналды. Бұл да ойыншықтың танымалдығына әсер еткен болуы мүмкін.

Ойыншықтың құны қанша?

Pop Mart-тың ресми дүкендерінде Лабубу 22 АҚШ доллары шамасында тұрады. Бірақ оның көшірмелері де әрі түрлі бағада жетіп артылады. 

Лабубу ‒ стиль

Лабубуды маркетологтар жай ғана ойыншық емес, образды толықтыратын аксессуарға, стиль түріне, хоббиге айналдырып жіберген. Персонаждың әр түрлі келбетіндегі ойыншықтарынан коллекция жинау арқылы, сөмкеге аксессуар ретінде тағу, кілт қыстыратын брелок қылып пайдалану, тіпті көліктің әйнегіне іліп қою арқылы трендтен қалыспайтын сәнқойлар Лабубудың маңыздылығын тіпті арттырды.

Сонымен бұл ойыншықпен кішкене балалар ойнаса, ересек адамдар сән үшін пайдаланатын болды.

Фото: Raimonda Kulikauskiene / Contributor/Getty Images

Пікірлер қайшылығы

Десе де қоғамда Лабубу персонаждарына, оның танымалдығына көзқарас әр түрлі. Біреулер оны «қорқынышты құбыжық бала психикасына зиян» десе, басқалары кейіпкерлердің сүйкімділігі де бар деп есептеп, әр түрлі кейіпкерлерді көріп өскен бүлдіршіндердің толеранттылығы артатынын айтады.

Айта кетейік, соңғы жылдары құбыжық келбеттегі ойыншықтар жиі трендке шығатын болған. бұған дейін әлемде Хагги Вагги есімді құбыжық-ойыншықтар аса танымал болды.

Фото: ulus.media