Фото: Pexels.com
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдайға байланысты профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды күшейтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, жағдай тұрақталғанға дейін 6–10 айлық сәбилерге қосымша иммундау енгізілді. Сонымен қатар бұрын вакцина алмаған 2–5 және 7–18 жас аралығындағы балаларды, сондай-ақ иммундау дерегі расталмаған 30 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін толықтырып вакцинациялау ұйымдастырылды.
Ұйымдастырылған ұжымдар мен әскери бөлімдерде вакцина алмаған адамдарды уақытша шеттету, сондай-ақ жоспарлы ауруханаға жатқызу талаптары күшейтілді.
Қабылданған шаралар оң нәтиже бере бастаған. Өткен аптамен салыстырғанда қызылша деректері 417-ден 311 жағдайға дейін азайған. Бұл – 106 жағдайға немесе 25,4 пайызға төмен көрсеткіш. Дегенмен эпидемиологиялық ахуал толық тұрақталды деуге әлі ерте.
Қызылша ең көп тіркелген өңірлер қатарында Астана қаласы (81 жағдай), Алматы қаласы (48), Алматы облысы (57), Батыс Қазақстан облысы (29), Атырау облысы (57) және Қостанай облысы (57) бар. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі вакцина алмаған балалар.
2026 жылдың басынан бері қосымша иммундаумен 6–11 айлық 36,7 мың бала қамтылған. Жоспарлы вакцинация аясында 1 жастағы 21,4 мың бала (6,7%) және 6 жастағы 17 мың бала (4,7%) екпе алған. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі 8,1 мың адам толықтырып иммундаудан өткен.
Министрлік жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шараларды үйлестіруді жалғастырып отыр. Ведомство өкілдері уақтылы вакцина алу және профилактикаға жауапкершілікпен қарау – халық денсаулығын сақтаудың әрі қызылшаның таралуының алдын алудың негізгі шарты екенін атап өтті.
