01 сәу, 2020 сағат 13:43

Қызылордада ауыл әкімі төтенше жағдай кезінде тойға барған

Қызылорда облысында кроонавирус індетіне байланысты қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан тәртіп бұзғандар бар. Олардың қатарында ауыл әкімі де бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл жөнінде облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті. 

Соңғы деректер бойынша облыста 24 адам коронавирус жұқтырған. Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында карантин жарияланды. Төтенше жағдай кезінде спорттық, ойын-сауық және басқа да бұқаралық іс-шаралар, сондай-ақ отбасылық, атаулы іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Соған қарамастан Шиелі ауданы Төңкеріс ауылының әкімі туысқанының үйіндегі келін түсіру тойына қатысқан. 

«Үй иесі Шиелі аудандық сотының қаулысымен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сол сияқты Қызылорда қаласындағы «Оригон» кафесінің иесіне әкімшілік хаттама толтырылды», – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары.

Осындай талаптарды ескермей, үйінде той жасаған жекелеген азаматтар,кафе, мейрамхана және өзге де ойын-сауық орындары тиісті жазаға тартылған. Құқық қорғау органдары тарапынан төтенше жағдай жарияланғалы бері ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 476-бабымен 49 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылған. 

Атап айтқанда, 14-і соттың қаулысымен әкімшілік қамауға алынса, 23-не әкімшілік айыппұл салынды. Қалған 12-і сот өндірісінде қаралуда.