Қызылорда қаласында өрт сөндірушілер ауласында бірнеше тонна жанармай сақталған тұрғын үйдегі өртті ауыздықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өрт Қызылорда қаласында орналасқан әл-Фараби көшесі бойындағы тұрғын үйде болды.
Оқиға орнына өртке қарсы қызметінен 13 қызметкер 4 техникамен барды.
Өрт сөндірушілер барған сәтте аумағы 100 шаршы метрді құрайтын құрылыс жанып жатқанын анықтады.
Оған қоса сыйымдылығы 4 тонна болатын жанармай тасымалдағыш техника дизель отыны, қосымша құрылыс ішінде 2 тонна дизель отыны және 4 тонна АИ-92 маркалы жанармай бар екені белгілі болды.
Жалынның көршілес тұрғын үйге таралу мүмкіндігі нақтыланды.
«Өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді. Оқыс оқиғадан аумағы сол үйдің құрылыстары (ішінде 6 тонна дизельдік отын, 4 тонна АИ-92 маркалы бензин), көрші орналасқан үйдің қосымша құрылыстары зақымдалған. Өрт кезінде сол үйде тұратын 1994 жылғы азаматтың денесінің 60 пайызын күйік шалып, ол облыстық медицина орталығының жан сақтау бөліміне жатқызылған», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.
Ведомство мәліметінше, өртті сөндіруге өртке қарсы қызметінен 52 қызметкер мен 11 техника, арнайы қызметтер жұмылдырылды.

