Қызылорда облысында 17 тұрғын төтенше жағдай кезінде үйінде 50-ден астам адам шақырып той жасағаны үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде ұжымдық, отбасылық, барлық жиындарға, көрші, туған-туыстарға баруға тыйым салынған. Соған қарамастан 17 адам үйлерінде саны 50-ден асатын адам жинап той өткізген. Оның екеуі Қызылорда қаласында тіркелсе, аудандар бойынша Аралда - 2, Қазалыда - 5, Қармақшыда - 3, Жалағашта - 1, Шиеліде - 2, Жаңақорғанда - 2 жағдай кездесті», - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қызылорда облысы бас санитарлық дәрігерінің 7 сәуірдегі кезекті №7 қаулысына сәйкес, облыс тұрғындары арасында қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында сәуірдің 8-нен бастап түнгі сағат 00:00-ден бастап тұрғындар мен көлік қозғалысына шектеу қойылды. Алайда қойылған талапты орындамаған 28 азамат кездесіп, олардың рұқсатсыз блокпосты айналып өткені анықталды. Бұл жағдайдың 11-і Аралда кездессе, Қазалыда - 4, Қармақшыда - 1, Байқоныр өкілдігінде 12 жағдай тіркелді.
Еске салсақ, Қызылорда облысында қазір коронавирус инфекциясын жұқтырған қазір 104 адам тіркелген.