Қызыл аймаққа көршілес орналасқан облыстар карантиндік шектеулерді күшейту іс-шараларын алдын ала пысықтауы қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өңірлердегі эпидемиологиялық ахуал бақылауда. Дегенмен бірнеше бағыт бойынша нақты іс-шаралар қабылдануы қажет. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері өңірлік штаб жұмыстарын күшейтуі қажет. Қызыл аймақтағы өңірлердегі эпидемиологиялық жағдай штаб отырысында күнсайын қаралуы тиіс», - деді Ералы Тоғжанов.
Оның атап өтуінше, сары аймаққа енген өңірлер және қызыл аймаққа көршілес орналасқан облыстар карантиндік шектеулерді күшейту бойынша іс-шараларды алдын ала пысықтауы қажет.
«Шектеу шаралары жағдайында бизнестің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірлер Ashyq жобасын кәсіпкерлік субъектілеріне енгізу бойынша нақты шешімдер қабылдауы керек», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.