Басшы қызметкері жемқорлыққа ұрынса, лауазымынан бірден босатылады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2020 жылы қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін 6 саяси қызметші отставкаға жіберіліп, 9 саяси қызметкер, сондай-ақ әкімшілік мемлекеттік қызмет лауазымындағы 39 басшы және квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджері тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында.
Сонымен қатар ол отставка туралы жаңалықтар азаматтар мен БАҚ-тың жіті назарында екенін ерекше атап өтті.
«Барлығы басшы болуға ұмтылады, бірақ кез-келгені қарамағындағы қызметкері үшін жауапкершілік алуға дайын емес. Отставкаға кету туралы жай өтініш беру және іс жүзінде отставкаға кету – екітүрлі әрекет. Жиі берілетін ескертулер мен сөгістер азаматтардың тек ашуын туғызады. Сондықтан, заңмен қоса моральдік-этикалық қағидаттарды да басшылыққа алатын уақыт келді. Осы тұрғыда біз кеңесіп, агенттік қызметкері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берсе оның тікелей басшысын атқаратын лауазымынан бірден босату туралы шешім қабылдадық. Тек басшылар сыбайлас жемқорлық фактісін өз бетінше анықтап, жолын кескен жағдайларда ғана қолданылмайды», - деді агенттік басшысы.