11 қыр, 2019 сағат 16:01

Қыз алып қашу қай санаттағы қылмысқа жатады?

Бас прокуратура қыз алып қашқан жігіттердің жауапкершілігі туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, қылмыстық кодексте қыз алып қашуға қатысты бөлек бап жоқ. Алайда адам ұрлау үшін жауапкершілік қарастырылған.

"Енді, ондай жағдайлар әртүрлі болады ғой. Егер қызды зорлап, алып қашып жатса, ол адам ұрлау қылмысы болып саналады. Осы қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Ондайда ешқандай татуласу болмайды. Енді, өмір болғасын, әртүрлі жағдай болады, адамның әрекетіне қарай құқықтық баға беріледі", - деді Ахметжанов.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 125-бабына сәйкес, адамды ұрлағаны үшін төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал осы қылмыс адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып, кәмелетке толмаған адамға немесе жүктi әйелге қатысты жасалса, кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді. Сондай-ақ, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. 

"Қылмыс жасамай ұрланған адамды өз еркiмен босатқан адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады", - делінген кодексте.