28 қаң, 2022 сағат 14:56

Қытаймен шекарада 12,5 мыңнан астам автокөлік кезекте тұр


Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттерінде 12,5 мыңнан астам автокөлік электронды кезекте тұр, деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитеті.

Көлік компанияларының өкілдері бұл мәселені Алматыда болған қаңтардағы оқиғалар ушықтырып жібергенін мәлімдеді. Бизнес өкілдері Бас прокуратура бастаған уәкілетті органдар жүргізетін кешенді тексерудің нәтижелерін күтіп отыр, деп жазады Sputnik Қазақстан агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Бизнес қоғамдастықтың өкілі Оксана Сорокинаның айтуынша, тәртіпсіздіктерге байланысты төлемдер мен аударымдарға кем дегенде екі апта уақыт кетті, ал кейбіреу сол үшін айыппұл төлейді. Алматы әуежайына жасалған шабуылдан кейін жүк әуе қатынасы әлі толық қалпына келген жоқ. Бұл да толыққанды жұмысқа кедергі келтіріп отыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы логистикадағы қазіргі жағдайды Сорокина ұзақ және қымбат деп бағалады.

Достық және Алтынкөл станцияларында Еуропаға транзиттік пойыздарға айрықша басымдық берілген. Кеше ғана осы екі станцияның басшылары қызметінен босатылғаны белгілі болды. Бұл туралы ҚТЖ хабарлады.

"Қорғас" арнайы экономикалық аймағындағы Нұр жолы, Алтынкөл және құрғақ порттың автомобиль өткізу бекеттерін қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев тексерді. Министр кәсіпкерлерге шекарадағы жұмыс тәртібі түбегейлі қайта қаралып, кез келген заңсыз іс-әрекеттің тоқтатылатынына уәде берді. Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, бір күндік фирмалар, жалған декларациялау фактілері және кеден заңнамасын басқа да заң бұзушылықтар тексеріліп жатыр.

"Кедендік статистикадағы алшақтық деңгейі мемлекет пен бизнестің үйлесімді жұмысының қорытынды индикаторы болады. Кеденнің қызметі ашық болуға және ең бастысы бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз етуге тиіс", - деп атап өтті қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Айта кетері, 2020 және 2021 жылы импорттық және экспорттық тауарлары бар контейнерлер ҚХР шекарасында бірнеше ай бойы тұрып қалған. Тасымалдау тарифтері жоғары, кәсіпкерлер шығыны миллиардпен есептеледі. Кешенді тексерулер басталғанға дейін уәкілетті органдар жағдайды қытай тарапындағы шектеулермен байланыстырды. Бірақ бизнеске кедергі Қазақстан тараптынан да бар.