Қытай өзін Шыңжаңдағы мұсылман топтарға "геноцид жасады" деп айыптаған АҚШ мәлімдемесін терістеді. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Хуа Чуньин 21 қаңтар күнгі брифинг кезінде "Қытайда ешқашан геноцид болмаған, болмайды да" деп мәлімдеді.
"Соңғы бірнеше жылда Помпео өте көп жалған ақпарат таратты. Оның сіз айтып отырған сөздері - ақылған сыймайтын дүние. Өзінің өтірігімен жұртқа әйгі болған америкалық саясаткерсымақ қызметтегі соңғы күнінде жалған ақпарат тарату арқылы өзін сайқымазақ қып көрсетіп, бүкіл әлемге күлкі болды", деді ол.
Бір күн бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытай Шыңжаңда ұйғыр және өзге же мұсылман топтарға "геноцид жасап, адамзатқа қарсы қылмыс істеді" деп айтқан.
"Геноцид әлі де бар. Біз Қытай коммунистік партиясының тікелей бақылауымен ұйғырларды жою үшін жүйелі түрде талпыныс жасалып жатқанының куәсі болып отырмыз" деді Помпео. Оның мәлімдемесі АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден ант беріп, қызметіне кірісерден бір күн бұрын жарияланды.
БҰҰ есебінше, Шыңжаңда кемінде миллион этникалық ұйғыр, қазақ және өзге де түркітілді топ өкілі "экстремизммен күрес орталықтарына" қамалған. БҰҰ сонымен бірге миллиондаған адамның ішкі лагерьлерге жіберілгенін айтады. Ал Пекин ондай қамау орындарын "кәсіпке баулитын орталық" деп атап, мақсаты - "адамдардың радикалануына жол бермеу, қоғамға қайта қосылуына жағдай жасау" деп "түсіндірген".
Құқық қорғаушылар Қытайды жүздеген адамды еңбек лагерьлеріне жіберді деп айыптаған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіне ұсынылған Энтони Блинкен 19 қаңтарда Помпеоның сөзіне қосылатынын жеткізді. Бұл Ақ үйдің Пекинмен қатынасы жаңа президент келсе де, өзгере қоймайтынын білдіреді дейді сарапшылар.
"Ерлер мен әйелдерді, балаларды концентрациялық лагерьлерге жіберу, оларды іс жүзінде қайта тәрбиелеуге тырысу, Қытай коммунистік партиясы идеологиясын күштеп тану. Мұның барлығы геноцид жасауға тырысу болып саналады" деді Блинкен сенат тыңдауы кезінде.
Былтырдан бері АҚШ Қытайдың Шыңжаң, Тайвань, Тибет, Гонконг, Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекетіне байланысты Пекинге қысымын үдетіп, шенеуніктеріне санкция салумен келеді.