17 жел, 2025 сағат 12:12

Қытай мен Қазақстан жастары арасындағы диалог: болашаққа бағытталған семинар өтті


Фото: Ult.kz

15 желтоқсанда Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінде «Жастарды тану, жастарды түсіну: Қытай мен Қазақстанның Z буыны жастары арасындағы диалог» атты тақырыптық семинар өтті, деп хабарлайды Ult.kz.


Шарада Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь сөз сөйлеп, онда елші Қытай мен Қазақстан — таулар мен өзендер арқылы тығыз байланысқан тату көрші мемлекеттер ғана емес, сондай-ақ өз армандарын жүзеге асыру жолында иық тірестіре алға басып келе жатқан серіктестер екенін айтты.

«Дипломатиялық қатынастар орнағанына отыз жылдан астам уақыт ішінде екі ел басшыларының стратегиялық басшылығы мен жеке қолдауының арқасында Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар тарихи серпіліс жасады: тату көршілікке негізделген достық байланыстардан жан-жақты стратегиялық әріптестікке дейін, ортақ мүдделер қауымдастығын қалыптастырудан ортақ тағдыр қауымдастығын құруға дейін жетіп, мемлекетаралық қатынастардың үлгісіне айналды.
Біз бірлесіп талқылау, бірлесіп құру және бірлесіп пайдалану қағидаттарын ұстана отырып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жоғары сапада іске асырып келеміз, осылайша «Жібек жолының» тарихи даңқын ортақ дамудың нақты қозғаушы күшіне айналдырып отырмыз», - деді Хань Чуньлинь өз сөзінде.


Сонымен қатар елші елдің болашағын түсіну көп жағдайда оның жастарына қалай қарайтынымызға байланысты деп есептейтінін жеткізді. 


«Қытайда жастардың дамуы ұлттық дамудың басым күн тәртібіне нақты енгізілген. Бұл — абстрактілі ұран емес, саясат қалыптастыру мен ресурстарды бөлу үдерістерінің барлығында көрініс табатын нақты іс-қимыл. Қытай Коммунистік партиясы мен Қытай үкіметі әрдайым жастарға айрықша мән беріп, оларға қамқорлық жасап, сенім артып келеді, жас ұрпаққа зор үміт жүктейді. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин терең мәнді пікірінде: «Егер жас ұрпақтың асқақ мұраты болып, жауапкершілікті өз мойнына алса, елдің болашағы бар, ұлттың үміті бар», — деп атап өтті. Сондай-ақ ол: «Жастардың тілегіне құлақ асып, олардың дамуына жәрдемдесу, жастар кәсіпкерлігін қолдау, жастар үшін сенімді дос, жастармен жұмыс істеудің шынайы жанашыры және жас көпшілікке бағыт-бағдар беруші болу қажет», — деп баса айтты. Бұл терең тағылымды өсиеттер жаңа дәуірдегі жастармен жұмыс істеудің бағытын айқындап, оның негізгі бағдаршамына айналды. Осыған байланысты біз жастардың дамуын жан-жақты қолдайтын тұтас экожүйе қалыптастыруға ұмтыламыз», - деді ол.


Хань Чуньлиннің сөзінше Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі алдағы уақытта да екі ел жастары арасындағы алмасулар мен ынтымақтастықты белсенді түрде қолдап, өзара танысуға, түсіністікті нығайтуға және бірлескен күш-жігерді арттыруға ықпал ететін болады.

«Жер елшілері» жастар қозғалысының көшбасшысы,  Астана халықаралық университетінің студенті Темірлан Мақұлбаев Қытай елшілігі ұйымдастырып отырған семинардың маңызына тоқтала келе, осындай шаралар жиі ұйымдастырылуы керек деп есептейтінін айтты. Оның сөзінше семинарда маңызды сұрақтар көтеріліп, жастар мен үлкен буын өкілдері арасында байланыс орнайды. 


«Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес елде жастар болып 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар жатады. Бұл Қазақстан халқының 30 пайызын құрайды. Бұл елдегі әрбір үшінші азамат жас буын өкілі деген сөз. Ал жаһандық тұрғыда қарастыратын болсақ, «Жас ұлт ұйымының» деректері бойынша әлемде 1,8 млрд. жас азамат бар екен және адамзат тарихындағы жастар ең көп кезең. Сондықтан бұл жастар болашақ тұрақты даму, жасыл даму, әлеуметтік инновация бойынша негізгі шешімдерді қабылдайтынын көрсетеді деген сөз», - дейді Темірлан Мақұлбаев.


«Жер елшілері» жастар қозғалысы мектептер ауласына ағаш отырғызу сияқты түрлі шаралар өткізіп, экологиялық бастамалар көтереді екен. Жастарды қолдап отырған ірі ұйымдар мен мекемелердің арқасында көптеген жобалар іске асып жатқан көрінеді.

«Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің арқасынгда  биылғы жылдың тамыз айында ШОС халықаралық симуляциясын ұйымдастырдық. Бұл біз үшін тамаша тәжірибе болды. Себебі біз жас қатысушыларымызға өздерін дипломат, делегат, түрлі ел өкілдері ретінде көруге мүмкіндік берді. Бұл тек дипломатия ғана емес, бұл білім, кәсіптік бағдар және жастар өздеріне не ұнайды, не ұнамайтынын түсінеді. Біздің шарадан кейін жастар дипломат болу туралды ойланып қайтты деп ойлаймын»,  - деді жас белсенді.


Сондай-ақ Темірлан Мақұлбаевтың айтуынша өткен аптада Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен жастар ұйымы «Керемет Шыңжаң» деген фотокөрме өткізген. Бұл жастардың мәдени байланысының дамуына зор ықпал еткен. 

Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінде «Жастарды тану, жастарды түсіну: Қытай мен Қазақстанның Z буыны жастары арасындағы диалог» атты тақырыптық семинарына •  «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының өкілі,  «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Жастар ассамблеясының төрағасы,  Назарбаев Университеті Студенттер одағының өкілі,  BAQ ақпарат агенттігінің журналисі сөз сөйлеп, жастардың сұрақтарына жауап берді.