11 сәу, 2020 сағат 20:21

Қытай дәрігерлері қазақстандық әріптестеріне тренинг пен семинар өткізді

Қазақстанға келгеніне үш күн болған қытайлық дәрігер-сарапшылар бүгін коронавируспен күресіп жүрген қазақстандық дәрігерлер көмектесуді көздейтін бірнеше маңызды шараға қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Меймандар бүгін Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы мен «Ramada Plaza» қонақ үйінде болды. Одан бөлек, интенсивті терапия дәрігерлеріне онлайн режимде тренинг өткізді. Тренингтің негізгі тақырыбы – дене қызуы жоғары науқастарды тексеру процедурасы, диагнозы нақтыланған пациентті инфекционист Лу Сяобо ұсынған әдіспен емдеу, сонымен қатар реаниматолог Чжанг Дачуаньның жансақтау бөлімінде жатқан жағдайы ауыр науқастарды емдеу тәсілі. 

Тренингке денсаулық сақтау саласындағы 483 маман қатысты. Дәріс аяқталған соң қазақстандық дәрігерлер көкейдегі сұрақтарын қойып, жауап алды. 

Осы күні қытайлық дәрігерлер видеоконференция арқылы коронавирус инфекциясына шалдыққандарды емдеп жүрген қазақстандық дәрігерлерге екі сағаттық семинар өткізді. Онда маңызды екі тақырып қаралды: реаниматолог Сю Миннің әдісімен халі нашар науқастарға диагноз қою және емдеу, сондай-ақ пульмонолог Чжу Юлун ұсынған тәсіл бойынша науқасқа компьютерлік томография арқылы диагноз қою. Семинарға 333 дәрігер қатысты. 

Кешкісін Қытайдан келген мамандар Қазақстанның өңір-өңіріндегі қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының қатысуымен онлайн кездесу өткізіп, COVID-19 инфекциясын талқылады. Іле-Қазақ автономды округі губернаторының орынбасары Ершат Тұрсынбай мен нефролог дәрігер Лу Чэнь ұлттық және муниципалдық деңгейде коронавирустың алдын алу мен бақылауда ұстаудың қытайлық механизмін таныстырды. 

Айта кетейік, мұндай тренингтер мен семинарлар алдағы уақытта күн сайын өткізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен күресіп жүрген қазақстандық дәрігерлерді осы шараларға қатысып, тәжірибе алмасуға шақырады.