10 қаз, 2020 сағат 19:20

Қырғызстанның жаңа премьер-министрі: Кейбір депутаттар Алматыға қашып кетті

5-6 қазандағы халық толқулары кезінде Қырғызстан парламентінің кейбір депутаттары Алматыға қашып кетті. Бұл туралы Жогорку Кеңештің кезектен тыс отырысында Садыр Жапаров мәлімдеді. Кеңеш 10 қазанда өткен кезектен тыс отырысында Садыр Жапаровты премьер-министр етіп сайлаған.

Оның сөзінше, 6 қазанға қараған түні болған оқиға төңкеріс емес.

"Төңкеріс – бұл билікті басып алу. Ондайда президент және өзге де легитимді органдар елден қашады. Бізде билік халық толқуы кезінде ауысты, бірақ бұл заңды жолмен болды. Бар мәселе парламент депутаттарының қашып кеткенінде" деді Садыр Жапаров.

Жапаровтың бұл сөзі жиынға қатысқан депутаттардың шамына тиді. Олар ескерту жасағаннан кейін Жапаров сөзінен жартылай бас тартуға мәжбүр болды. "Кешірім өтінемін. Мен кейбір депутаттардың Алматыға қашқанын естіген едім. Кей адамдардың айтуынша, олар әлі сонда" деді ол.

Үкіметтің жаңа басшысы парламент отырысында сондай-ақ Алмазбек Атамбаевқа оқ ату жайлы да мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, Атамбаевқа өз күзетшілері оқ атқан.

"Мұның бәрі сценарий бойынша өрбіді" деді Садыр Жапаров оқ атудың өзіне жала жабу үшін ұйымдастырылғанын айтып.

Парламент отырысынан бір күн бұрын Бішкекте түрлі саяси күштердің митингтері өтті. Ескі алаңда Садыр Жапаровтың жақтастары жиналса, "Ала-Тоо" алаңында премьер-министрлікке Омурбек Бабановты ұсынған партиялар мен елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың жақтастары келді.

Жапаров саяси қарсыластарын қудаламайтынын айтты.

"Саяси себеп бойынша ешкім қудаланбайды. Мен бұл қызметке орынтақты құшақтау үшін келген жоқпын. Егер олардың жемқорлыққа қатысы болса, бұл – бөлек әңгіме. Жастардың ғана емес бүкіл халықтың сенімін ақтауға тырысамын" деді Садыр Жапаров.

Қырғызстанда 4 қазан күні парламент сайлауы өтіп, билікке жақын деген партиялар жеңімпаз атанған соң, сайлау бұрмаланды деген халық наразылыққа шықты. Наразылық акциялары кезінде демонстранттар президент әкімшілігі мен парламент депутаттары отыратын "Ақ үй" резиденциясын басып алды. Ел президенті Жээнбеков резиденциядан тастап кетті.

Толқу салдарынан орталық сайлау комиссиясы сайлау нәтижесін жарамсыз деп тапты. Оппозиция отставка кетуін талап етіп отырған Сооронбай Жээнбеков үкіметті тарату туралы жарлыққа қол қойып, Бішкекте төтенше жағдай жариялады.

Мұның алдында Жээнбеков елде жаңа үкімет құрамы жасақталған соң отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген. Жаңа премьер-министр "Жээнбековтің кетуге дайын" екенін растады.