Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) 21 қазанда бұрынғы президент Асқар Ақаевқа тағылған айыптардың барлығы алынды деген ақпаратты терістеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
ҰҚМК мәлімдемесінде "Құмтөр ісі" бойынша тергеу амалдары жалғасып жатқаны, Асқар Ақаевқа тағылған айыптың алынбағаны да айтылған.
"Бұған қоса, бұрынғы президент Асқар Ақаевқа 1992 жылы "Камеко" компаниясымен келісім жасау және "Құмтөрді" 2003 жылы қайта құрылымдау ісіне қатысты эпизодтар бойынша жаңа айыптар тағылды. Ол жоғарыда көрсетілген қылмыстарды мойындап, тергеу органдарымен белсене жұмыс істеп жатыр, ал оның ел аумағына кіруі және шығуы алдын ала тергеушімен келісілген" делінген ҰҚМК хабарламасында.
Асқар Ақаев Бішкекке 14 желтоқсанда келген. 20 желтоқсанда оның "Құмтөр ісі" бойынша жауап бергеннен кейін Мәскеуге ұшып кеткені белгілі болды. Оның әріптесі Бекболат Талғарбеков тергеу органдары оған тағылған айыптардың барлығын алып тастағанын хабарлаған.
Мәскеуге оралған соң Ақаев "Московский Комсомолец" басылымына берген сұхбатында өзіне тағылған айыптардың барлығы алынғанын, барлық істің жабылғанын айтқан.
Ол алғаш рет Қырғызстанға биыл тамыз айында келіп, "Құмтөр ісі" бойынша ҰҚМК сұрақтарына жауап беріп, артынша Ресейге оралған. Оған дейін "Құмтөр" алтын кенішін сату кезінде жемқорлыққа араласты" деген айыппен іздеуде болған.
Бұрынғы премьер-министрлер Тұрсынбек Чынғышев, Апас Жұмағұлов және "Қырғызалтын" мемлекеттік концернінің бұрынғы президенті Дастан Сарығұлов "Құмтөр" кеніші бойынша бас келісімге келіп, 1994 жылы өзгерткенде жемқорлық жасады" деген айыппен сырттай қылмыстық жауапқа тартылған.
Асқар Ақаев 1990 жылдан 2005 жылға дейін Қырғызстан президенті болды. 2005 жылы 24 наурызда Қырғызстанда халық толқуы болып, соның нәтижесінде елден кетуге мәжбүр болған. Отбасымен бірге Ресейге қашқан Ақаев сол жақтан саяси баспана алды.
Құмтөр – Қырғызстандағы ең ірі алтын кеніші. Одан түскен кіріс ел экономикасының шамамен 9 пайызын құрайды. Қырғызстанның қазіргі басшылығы бұрынғы билік тұсында кеніш айналасында жемқорлықпен келісім-шарт жасалған деп санайды. Бұрынғы шенеуніктер мен кенішті игерумен айналысқан канадалық Centerra Gold компаниясы мұны жоққа шығарады.
Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.