Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарды коронавирус инфекциясына қатысты сероэпидемиологиялық зерттеудің бірінші кезеңін аяқтады, деп хабарлайды Қырғызстанның Кабар агенттігі.
Министрліктің мәліметінше, аталған зерттеу биылғы жылдың шілде-қазан айлары аралығында Қырғызстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеңсесінің техникалық қолдауымен жүргізілген.
Зерттеудің мақсаты – Қырғызстан тұрғындарының жынысы, жасы және географиялық таралуына қарай COVID-19 инфекциясына популяциялық иммунитетін зерттеу.
Зерттеу қорытындысы республикада жалпы алғанда SARS-CoV-2 вирусына антидене бар адамдардың саны тамыз айының басына қарай 30,8 пайызды құрағанын көрсетті. Бұл вирусқа серопреваленттіліктің (популяциядағы нақты аурудың серология сынама (қан сарысу) тестінде оң нәтижесі бар адамдар) жоғары деңгейі Нарын облысында (62,7%), Шу облысында (50,3%), Талас облысында (49%), Ыстықкөл облысында (46%) және Бішкек қаласында (52,2%) атап өтілді.
Аталған вирус антиденесін анықтаудың төмен көрсеткіші республиканың оңтүстігіндегі Баткен облысында (13%), Жалал-Абад облысында (13,0%), Ош облысында (16,3%) және Ош қаласында (14,6%) тіркелген. Оңтүстік аймақ тұрғындарында антидене деңгейінің төмен пайызы бұл аймақтарда тест шілде айының басында, яғни антидене енді шыға бастағанда жасалғанымен түсіндіріледі. Солтүстік аймақтарда болса, талдау шілде айының соңы мен тамыздың басында жасалған.
Қазіргі мәлімет бойынша, SARS-CoV-2 вирусына антиденесі бар адамдардың 70,8 пайызында COVID-19 вирусының клиникалық белгісі болған, соның ішінде 22,0 пайызы медициналық көмекке жүгініп, 6,0 пайызы ауруханаға жатып шыққан.
Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус инфекциясымен күрес жүргізу шараларын арттыруға септігін тигізетін көптеген сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік беретін аталған зерттеуді жалғастыру жоспарланып отырғанын атап өтті.