24 қаз, 2020 сағат 08:18

Қырғызстанда үш күн қатарынан 500-ден астам Covid науқасы тіркеліп отыр

23 қазан күні Қырғызстанда 556 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Вирус жұқтырғаны расталғандар саны 55 144-ке жетті. Бұл туралы коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штаб хабарлады.

Аймақ бойынша, көш басында 149 науқаспен Бішкек қаласы тұр. Одан кейінгі орындарда – Баткен (86), Джалал-Абад (83) және Ош (75) облыстары.

20 қазан күні елде 384 Covid науқасы тіркелсе, 21 қазаннан бері тәулік ішінде анықталған коронавирус науқастары тұрақты түрде 500-ден асып келеді. Өткен тәулікте коронавирустан тағы төрт адамның қайтыс болғаны анықталды.

Қырғызстанда Қазақстандағыдай жаз айларында Covid індеті өрши түсіп, ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония ауруына шалдығу күрт көбейді. Сөйтіп қырғыз билігі 17 шілдеден бастап коронавирус пневмониясын Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қоса бастады.

Екі деректі қосқаннан кейін алғашқы күндері тәулік ішінде тіркелген науқас саны мыңнан асып жүрді. Кейін науқас саны біртіндеп азайып, қыркүйек айында тәуліктік көрсеткіш жүзден төмендеді. 6 қыркүйек күні елде бар болғаны 55 науқас анықталды, ал 10-20 қыркүйек аралығындағы он күннің ішінде Covid өлімі мүлдем тіркелмеді.

Қыркүйектің соңына қарай вирус жұқтырғандар саны қайтадан арта түсті. Аурудың қайта өршуі елдегі парламент сайлауымен және одан кейінгі саяси толқулармен тұспа-тұс келді.