08 ақп, 2020 сағат 20:23

Қырғызстанда шекараға жақын аумаққа шамамен 200 адам жиналды

8 ақпанда кешке жақын Қырғызстанның Қазақстанмен шекаралас аумағына шамамен 200 адам жиналды. Келгендердің басым бөлігі этникалық дүнгендер болды. Олар Жамбыл облысы Қордай ауданында 7 ақпан күнгі оқиғадан кейін Қырғызстанға өтпек болған туыстарын күтіп тұрғандықтарын айтты.

7 ақпанда Қордай ауданындағы бірнеше елді мекенде болған жанжалдан ресми дерек бойынша сегіз адам қаза болған, ондаған адам жарақаттанған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, туыстарын күткен азаматтар шекараны кесіп өткен адамдарға қажетті көмек көрсетіп, ыстық тамақ та әзірлеген.

Бұған дейін Қырғызстанның шекара қызметі Қордайдағы оқиғадан кейін Қазақстан шекарасын кесіп өтетіндер саны күрт ұлғайғанын хабарлаған.

Бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болғанын хабарлаған болатынбыз.

Полиция "Адам өлтіру" және "Тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптары бойынша қылмыстық істер қозғады.

Көп уақыт өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.