Қырғыз Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ғимараты. 15 қараша, 2020 жыл.
Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген президент сайлауына қатысуға үміт білдіргендерден қол қою парақтары мен кепіл ақша төлегені туралы анықтамаларын қабылдауды аяқтады. Әу баста додаға қатысуға 65 адам талпыныс жасағанымен, тек 20 кісі ғана тиісті құжаттарды өткізген.
Бір үміткер, Қырғызстан Жогорку кеңешінің депутаты Саматбек Ибраев тек 15 мың 33 адамның ғана қолын жинаған, сондықтан оны жақтайтындардың қол қою парақтары үміткердің өкілдеріне қайтарылды. Ибраев кепіл ақша салғаны туралы анықтама да өткізбеген.
Орталық сайлау комиссиясы мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгерді деген сертификаты жоқ және соттылығы алынбаған 12 үміткердің құжатын қайтарып берген. Қалған үміткерлер түрлі себеппен додаға қатысудан бас тартты.
Құжаттары қабылданған басқа үміткерлер 30 мыңнан 60 мыңға дейін адам қол қойған парақтар өткізген.
"Енді сайлау комиссиясы сегіз күннің ішінде жиналған қолдардың растығына көз жеткізуі керек" деді Орталық сайлау комиссиясындағы жұмыс тобының хатшысы Айдай Русланова.
Үгіт-насихат 15 желтоқсанда басталып, 9 қаңтарға дейін жүргізілмек.
Заң бойынша Қырғызстан президенттігіне канидат болып тіркелу үшін үміткерлер кемінде 30 мың қолдаушының қолын жинап, 1 миллион сом кепіл ақша төлеуі керек (шамамен 11 800 АҚШ доллары).
4 қазанда Қырғызстанда өткен парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген жұрт көшелерде наразылық өткізіп, мұның соңы мемлекеттік ғимараттарды басып алуға, саяси дағдарысқа алып келген. Халық наразылығынан соң үкімет те, президент Сооронбай Жээнбеков те отставкаға кеткен.
Саяси қарсыласын ұрлап әкеткені үшін қамауда отырған Садыр Жапаровты наразылыққа шыққан жұрт 5 қазанда түрмеден босатып алған. Кейін парламент мүшелері оны премьер-министрдің міндетін атқарушы етіп тағайындады. Жээнбеков орнынан кеткен соң ол президент міндетін де қоса атқаруға көшті.
Қарашаның ортасында Жапаров президент сайлауына қатысу үшін президенттің және премьер-министрдің міндетін атқарушы өкілеттерінен уақытша бас тартты. Бұған қоса ол елде конституциялық реформа жасап, президенттік басқару формасын енгізіп, сол арқылы атқарушы биліктің құзыретін арттыруға талпынып жүр.
Қырғызстандағы президент лауазымынан үміткерлер арасында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің бұрынғы төрағасы Әбділ Сегізбаев, оппозициялық "Бүтүн Қырғызстан" партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров, оппозициялық "Реформа" партиясының басшысы Клара Сооронкулова, парламенттің экс-cпикері Қанат Исаев және ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Курсан Асанов бар.