Қырғызстан президентінің міндетін атқаруға көшкен парламент спикері Талант Мамытов халыққа жолдау арнады.
Мемлекет басшысының міндетін уақытша атқарып жатқан премьер-министр Садыр Жапаров келер жылы 10 қаңтарда болатын президент сайлауына қатысатын болғандықтан, өкілетінен бас тартқан. Соған байланысты, Қырғыз Республикасының конституциясына сәйкес, президент міндетін атқару қызметі Жогорку кеңеш төрағасы Талант Мамытовқа көшті.
Жолдауында Мамытов "көп сынақтан өткен, еркіндік пен әділдікті құрмет тұтатын халқымыз 5-6 қазандағы халық толқуларынан кейін аз уақытта және бейбіт жолмен саяси дағдарыстан шығып, бірлігін одан сайын нығайта түсті" деді.
"Жемқорлықпен күресте шешуші қадамдар жасалып жатыр. Шағын және орта бизнесті қорғап, дамыту бойынша жұмыс жандана түсті. Елдегі эпидемия жағдайын тұрақтандыру үшін профилактикалық шаралар қолға алынып жатыр. Қырғызстан жақын және алыс шетелдермен әріптестікті әрі қарай дамытуға дайын" деген Мамытов "барлық халықаралық міндеттемелер, мұның алдындағы екіжақты және көпжақты келісімдер толық орындалады" деп сендірді.
Оның айтуынша, "халықтың талап етуімен елде конституциялық реформа әзірленіп жатыр", ал қазіргі басты міндет – 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген президент сайлауын "ашық әрі әділ өткізу".
"Барлық кандидатқа бірдей мүмкіндік беру арқылы халықтың еркін білдіруін қамтамасыз етуіміз керек. Мемлекет басшысының міндеттерін атқаруға кірісу арқылы халық пен мемлекет алдындағы жеке жауапкершілігімді сезінемін. Конституциялық құқығымның шеңберінде, президент міндетін атқарушы ретінде, адамдардың бейбіт өмірі мен елдің тұтастығын қорғауға бар күшімді саламын" деді Талант Мамытов.
Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген халық 5-6 қазанда наразылық білдіріп, мұның соңы саяси дағдарысқа ұласқан. Орталық сайлау комиссиясы сайлау нәтижесін жоққа шығарған. 15 қазанда президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті.
Конституция бойынша оның өкілеті парламент спикеріне көшуі керек еді, бірақ ол бұл қызметтен бас тартқандықтан, 5 қазанда түрмеден босатылып, кейін премьер-министр қызметіне тағайындалған Садыр Жапаров мемлекет басшысы міндетін қоса атқаруға көшті.
Президент сайлауы 2021 жылғы 10 желтоқсанға белгіленген. Қырғызстан президенттігі үшін бақ сынауға ниет білдірген 63 адам Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырды. Олардың 8-і әйел, 55-і ер адам, арасында Садыр Жапаров та бар.
Қырғызстанның бірінші вице-премьері Артем Новиков премьер-министр қызметін уақытша атқарады.